00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Поиск

Халқымыздың саяси сауаттылығы сынға түскелі тұр – Қайрат Сақ

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы ғалым Қайрат Сақ наурызда өтетін Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, бұл сайлау бұрынғылардан өзгеше болғалы тұр. Басты өзгешілігі  ҚР  Парламенті Мәжілісіне және облыстар мен ірі қалалар Мәслихаттарына сайлау пропорцианалдық және мажориторлық жүйе арқылы, яғни партиялық тізіммен, сонымен қоса бір мандатты сайлау окуругтары бойынша жеке тұлғалар арасындағы тартыс түрінде өтетіндігімен байланысты. Сонымен бірге аудандар мен кіші қалалар Мәслихаттарына депутаттар сайлау тек жеке тұлғалар арасында өтетін болғандықтан саяси дода қызғалы тұр. Қазір үміткерлерді тіркеу науқаны өтуде. Қоғам іш тартып тұр. Қай партия сайлауға қандай тізіммен қатысады екен, жеке тұлғалардан кімдер тіркелуде деген сұрақтар әр сайлаушының көңілін алаңдатып, қызығушылығын арттыруда. Аз уақыттан кейін ол да белгілі болады. Одан кейін үміткер партиялар мен жеке тұлғалардың үгіт-насихат жұмысы басталады. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің демекші, тартыс сол тұста қызатыны айдан анық. Сайлау технологиясын пайдаланып, әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы үміткерлер әр сайлаушы үшін күрес додасын қыздыратын болады. Сайлаушылар үшін сындарлы сәт сонда туады. Халқымыздың саяси сауаттылығы сынға түседі. Еліміздің ертеңі үшін емтихан тапсыратын боламыз. Бұл үміткерлерге де, сайлаушыларға да тікелей қатысты,- деді Қайрат Сақ.

Алаштанушы ғалым өз сөзінде, сайлауға қатысуға тіркелген әрбір партия халықтың сеніміне селкеу түсірмейтініне үміттенді.

Еліміз күрмеуі қиын күрделі өтпелі кезеңді бастан өткеруде. Саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылуда. Кешегі қаңтар қасіретінен сабақ алып, қордаланып қалған көп мәселелер оңды шешімін табуда. Осыны көріп,  бұл өзгерістің басы, жақсылық жалғасын табады деп халқымыз ертеңге зор үмітпен қарап отыр. Жұртымыздың осы үміті мен сеніміне селкеу түсірмеуді сайлауға қатысуға тіркелген әрбір партия мен үміткер тұлғалар терең түсінсе дейміз.  Қоғамды өзгертудің екі жолы бар. Эволюциялық және революциялық жол. Қазақша баламасы – жағдайды есепке алу арқылы біртіндеп өзгеру және төңкеріс жасау. ХХ ғасыр басында Алаш зиялылары осының бірінші жолын таңдаған. Өйткені олар төңкерістің соңы жақсылыққа апармайтынын білген. Қазан төңкерісі арқылы орнаған кеңес өкіметінің қан жоса тарихы – соның айқын айғағы.  Қазақстан эволюция жолын таңдады. Алдағы сайлау – соның жарқын көрінісі. Оның ашық, әділетті өтуі өте маңызды. Сайлау халқымызды ыдыратуға емес, біріктіруге қызмет етуі тиіс. Сол арқылы еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға қадам жасалатынын терең түсінетін кез туды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру. Ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Онсыз тұрақты әрі жан-жақты даму мүмкін емес.Референдумда халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаны жаңа саяси дәуірдің бастауы деуге болады. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін эволюциялық жолмен дамытуға жол ашты. Әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке реформалардың негізгі арқауына айналды»,- деген ҚР Парламенті Сенатының жаңа төрағасын сайлау жиынында сөйлеген сөзінен осындай ой туындады,- деді ол.

Все новости