00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Поиск

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек – саясаттанушы

31.03.2023 | 22:29
Елорда ақпарат
1

Мемлекеттің саясатқа салған инвестициясы қаншалықты ақталады? Бүгінде сайлау дегенде қоғамның дереу сайлау науқанының шығынын есептей кететін әдеті бар. Әрине, қарапайым тұрғын сайлаудың ел дамуындағы маңыздылығы, келешек саяси даму векторларының ұстанымы сияқты дүниелерге бас қатырып жатпауы мүмкін. Керісінше, сол шығынды қаншама мектеп пен балабақшаға, тұрғын үйге жұмсаған әлдеқайда тиімдірек қой деп сын садағына алатындар міндетті түрде табылатыны сөзсіз. Пікір бостандығы заңмен қорғалған елде тұрып жатырмыз, елдің басты салық төлеушісі ретінде әрбір азаматтың пікірі маңызды әрі құрметке лайық.

Десе де, нарықта кез келген кәсіпті дөңгелету үшін инвестиция керек. Бұл – нарықтың талабы. Ал демократиялық саяси курсты жүргізу үшін оны заңды жолмен әкімшілік ресурсты жұмылдыра отырып ұйымдастыру керек. Ал бұл жолғы сайлау шығынының былтыр елімізде өткен кезектен тыс Президент сайлауына жұмсалған 20,5 млрд теңгеден жөні бөлек. Саяси құны да әрқилы. Себебі саяси реформаны енгізген Президент Қ.Тоқаевтың бастамасы елдің ертеңгі жетістігі еді. Демократиялық өзгерістерге бір табан жақын Конституциялық реформалардың іс жүзіндегі көрінісі 19 наурыздағы сайлау болмақ.

Міне, мемлекеттің саяси бәске тіккен бастамасы – елдің ең жоғарғы Заң шығарушы органы – Парламент құрамының сапалық күшеюіне, оған көппартиялық жүйенің реңін кіргізуге, керек десеңіз, әрбір жеке саяси тұлға мен қайраткердің мүмкіндігінің кеңеюіне түрткі болмақ. Сол үшін 29 мандатпен 30 пайыздық көлемде аймақтық өкілдікті қуаттау негізгі маңызға ие.

Әрине, аймақтық өкілдік онсыз да Парламенттің жоғарғы Палатасы – Сенатта қалыптасқан. Ал заң жобаларының қойнауы саналатын Мәжілісте тікелей өкілдікті қалыптастырудың маңызы – еліміздің аймақтық деңгейде қарқынды дамуына ауқымды құқықтық, экономикалық тірек болуына кепілдік бермек. Өйткені, бір мандатпен келетін депутатты сайлаған электорат үнемі сұрау салып, әрбір ісі мен әрекетіне есеп алып отырады деген сөз. Яғни аймақтардың тікелей дамуына бір мандатпен келетін депутаттардың да заң шығарушылық қызметі, осылайша, оң серпін бермек.  

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде: «Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан ары дамуына айтарлықтай жағдай жасалады» деуі де осыдан.

Саяси реформаның механизмі арқылы биыл бекітілген конституциялық өзгерістерді жүзеге асыратын сайлауға 33,4 млрд. теңге бөлініп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл қаржы еліміздің саяси дамуына салған ортақ инвестиция деп қабылдаған дұрыс.

Осы орайда Мәжіліс пен мәслихаттарға жөні дұрыс партиялар мен үміткерлердің өткенін қаласақ, сайлауға барып, өз азаматтық таңдауымыз бен ұстанымымызды жариялы түрде көрсетуіміз керек. Демократиялық жүйе тек осылай дамиды, басқа жолды ойлап тапқан қоғам әзірге жоқ.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы

Все новости