00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Ләйла Сұлтанқызы елордалық жанкүйерлерімен бірге көшеттер отырғызды

Ләйла Сұлтанқызы жанкүйерлерімен бірге тынымбаққа көшеттер отырғызды
Фото: Elorda.info

Астана қалалық мәслихат депутаты, белгілі тележурналист Ләйла Сұлтанқызы «Таза Қазақстан». Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты республикалық экологиялық акциясына қолдау көрсетті, деп хабарлады Elorda.info.

Экоакцияның «Өнегелі ұрпақ» деп аталатын төртінші аптасында медиажұлдыз өз жанкүйерлерімен бірге Сарыарқа ауданында орналасқан «Ақжайық» тынымбағында жас көшеттер отырғызды. Бұл ауқымды іс-шараға тележурналистпен бірге 25-тен астам елордалық жастар да белсене атсалысты.

Сенбілік дегеніміз - тек қана сенбі күні жұмыс жасау деген сөз емес. Президентіміз де қаланы тазалау, көшет отырғызуға бір күндік іс-шара ретінде қарамау керек екенін айтқан болатын. Сондықтан өзімнің Instagram арнамда да оқырмандарымды бірге жұмыс жасауға, елордамызды бірге көркейту үшін осы акцияға үлес қосуға шақырдым. Осыған орай, мына бір мысалды айта кетсем деймін. Бірде шетелде тұратын танысымның хал-жағдайын біліп, «шетелде оқитын баласы емін-еркін жүре ме, ол жақта қылмыс бар ма?» деп сұрадым. Сонда келіншек «Біз өзіміз тұратын, баламыз оқитын қаланы ластауға, бұзақылық жасауға ұяламыз» деп жауап берді. Бұл туралы соншалықты құрметпен айтқаны байқалып тұрды. Бұдан не түюге болады? Шынында да, қала біздікі, балаларымыз осы аулада ойнайды, өзіміз осы жердің ауасын жұтып, суын ішеміз. Кішкене де болса туған жеріміздің тазалығы мен көркіне көңіл бөлейік. Өйткені тұрғындар кез келген жерге қоқыс тастамаса, болашақта біздің қаламызда да Жапониядағыдай қоқыс тастайтын жәшіктер болмауы мүмкін. Менің іс-әрекетімді көрген бала мені қайталайды, Өзіне үлгі алады. Солайша баршамыз бірге үлес қосуымыз керек, - деді Ләйла Сұлтанқызы.

Акцияға өзі бастап қолдау көрсеткен Астана қалалық мәслихат депутаты Ләйла Сұлтанқызының үлгілі ісіне үн қосқандар қарасы да көп болды.  Солардың бірі - экоакцияға қолдау білдіре келген Бекболат Шерниязов. 

Мен - Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Қазір Астанада тұрамын. Әлеуметтік желідегі «Орал-Астана» деген тобымыздан «Оралдықтар, Астанада жерлесіміз, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ескерткіші маңына ағаш отырғызылғалы жатыр» деген хабарламаны көріп қалдым. Әрі өзім Ләйла Сұлтанқызының әлеуметтік желідегі үндеуін көріп, бір-екі күрек топырақ тастасам да, пайдам тисін деп осы жерге келдім.  Өзіміз сүйіп көретін тележүргізушіміз Ләйла Сұлтанқызын көріп, сөйлескеніме қуаныштымын, - деді Бекболат Шерниязов.

Бекболат Шерниязов, бұдан бөлек, Ләйла Сұлтанқызына өзінің жеке өміріндегі жағдайы туралы да айтып берді.  

Ол үш жылдан бері ауыр бүйрек ауруына шалдығып, гемодиализ медициналық құрылғысына тәуелді болып өмір сүріп келген. Қуанышқа қарай келіншегінің бүйрегі өзінікімен 86 пайызға сәйкес келіп, былтыр күзде сәтті ота жасалған.

2023 жылы қарашада бүйректі трансплантациялау бойынша сәтті ота жасалды. Қазір төрт ай болды, гемодиализден құтылдым. Бұрын аптасына үш рет, төрт сағаттан ем  қабылдап жүрген кезімде ешқайда аттап басып бара алмайтынмын.  Енді қалаған жеріме барамын. Алты ай болды, денсаулығым күн сайын қалпына келуде. Бір айдан соң жұмысқа шығамын. Тегін ота жасаған трансплантолог-хирург Мэлс Асықпаевқа алғысым зор. Әрине, өз бүйрегін берген әйеліме ризашылығым тіптен шексіз. «Жар таңдаудан қателеспе» деп осындайда айтса керек. Дегенмен біз бұндай шешімге келуге ұзақ ойландық. Себебі, отадан кейін «отбасында екеуміздің де денсаулығымыз нашарлап кетсе, балаларға кім бас-көз болады?» деген уайым болды. Дегенмен ақылдаса келе әйелімнің бүйрегін трансплантациялауға келістік, - деді ол.  

Экоакцияға қатысушылардың арасында Ләйла Сұлтанқызының бастамасымен құрылған ЭКО-процедураларға демеушілік көрсетуді көздейтін «Mariyam» қорының пациенті де бар болып шықты.

Ләйла Сұлтанқызының әлеуметтік желідегі парақшасына жазылған оқырманының бірімін. Осы «Ақжайық» тынымбағында ағаш отырғызылады дегенді естіп, өз үлесімді қосуға келдім, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Райгүл Шаханова.

Айта кетейік, Ләйла Сұлтанқызы акция аясында қалаға 1 млн 100 мыңнан астам ағаш отырғызылатынын айтты. Ал Сарыарқа ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерден Бидановтың айтуынша, ауданға қарасты 6 аумақта 1000-ға жуық көшет бой түземек. Соның ішінде бүгін «Ақжайық» тынымбағында 30 түп қарағай, үйеңкі, күл ағаштарының көшеттері отырғызылды.

Барлық жаңалықтар