00:00
Астана -10oC
USD:
473.15
EUR:
515.12
RUB:
5.4
Іздеу

Елордада дзюдодан халықаралық турнир басталды

22.06.2024 | 17:13
257
Елордада дзюдодан халықаралық турнир басталды

Астанадағы «Beeline арена» спорт кешенінде Дзюдодан Данияр Мақышевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтуде, деп хабарлады Elorda.info.

Жарыстың салтанатты ашылуы «BN» би ансамблінің қойылымымен басталып,  Данияр Мақышевтың өмірбаяны жайында бейнеролик көрсетілді.  

Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың басталуымен құттықтады. Сонымен қатар Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов және Данияр Мақышевтың жаттықтырушысы Ахат Аширов сөз сөйлеп аталған турнирдің орыны ерекше екендігін айырықша атап өтті.

Жарыстың басталуында баласын еске ала сөйлеген Даниярдың әкесі Абай Мақышев болса,  жарысты ұйымдастырушыларға өз алғысын жеткізді.

«Данияр тірі кезінде осындай бір жарыс өткізсем дегенді қатты армандаушы еді. Енді міне достарының арқасында сол арманы орындалып жатыр. Бүгін әр мемлекеттен келген жас спортшыларды көріп көңілім толқып тұр. Бұдан мен Даниярдың менің ұлым ғана емес халықтың ұлы болғанын аңғарып отырмын. Бүгінгідей жарыстың ұйымдастырылуы Даниярдың артынан ерген інілерін және басқа да жас спортшыларды жігерлендіретініне мен сенімдімін. Барлық қатысушы спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін»,-деді ол.

Сондай-ақ,  жарыс барысында Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Әсетұлы елімізде дзюдо спортының дамуына үлес қосып, талантты дзюдошыларды тәрбиелегені үшін Данияр Мақышевтің жаттықтырушысы Ахат Ашировке  Қазақстан дзюдо федерациясының атынан Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар аталған жарысты  ұйымдастыру комитетінің атынан Даниярдың әкесі мен жаттықтырушысына естелік сыйлықтар берілді.

Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь,  Ресей, Өзбекстан қатарлы 5 елден 150-ге жуық  дзюдошы келген.  Дүбірлі дода 7 салмақ дәрежесі бойынша 20 жасқа дейінгі жастар арасында өтіп жатыр. Қатысушылар 60, 66, 73, 81, 90, 100 келіге дейінгі және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде бақ сынасады.

«Елімізде дзюдо күресінің өркендеуіне үлесін қосқан Данияр Мақышевты  көпшілік жақсы біледі. Ол көзі тірісінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, еліміздің спорт және дене шынықтыру саласының дамуына өзіндік үлес қоса білген жан. Осындай ардақты бапкерді еске алып, Астанамыз да халықаралық турнирдің өтіп жатуы біз үшін де бақыт»,-дейді турнир қатысушысы Мәди Серік.

Қазақстан жастар ұлттық құрама командасының әлем чемпионаты алдындағы дайындық додасы болып саналатын бұл жарыс екі күнге жалғаспақ.

Жүлде қоры 9000 АҚШ долларын құрағаған додада І орын алған спортшыға - 500$, екінші орынға ие болған спортшыға - 350$, ал үшінші орынға ие болған жүлдегерге 200$ АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілмек.

 

Шапағат ӘБДІР

Барлық жаңалықтар