Elorda.info

Елордалық зейнеткерлер үйден дауыс берді

Олардың үйіне №84 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері барды

Елордалық зейнеткерлер үйден дауыс берді

Астананың Байқоңыр ауданында тұратын қос зейнеткер, ерлі-зайыпты Сұлтанғали және Мануар Жұмановтар отбасы қарттығына байланысты үйден дауыс берді. Сексеннен асқан қариялардың дауыс беруі үшін олардың үйіне №84 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері барды, деп хабарлады Elorda.info.

Қарттардың екеуі де – қазіргі таңда Байқоңыр ауданының Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері. Зейнеткерлік жасқа жетсе де, тыным таппай, қоғам өміріне араласып жүргеніне 35 жылдай болған. 3 баласынан немере-шөбере сүйіп отырған зейнеткерлер талай сайлауға қатысып, міне биылғы саяси науқаннан да қалыс қалмай, өздерінің азаматтық борышын өтеді.

Елордада тұрғанымызға 50 жылдан асты. Өмірімнің басым бөлігі ел алдында, қоғамдық жұмыстармен байланысты өтіп келеді. Шынын айтқанда, ес білгелі осылай маңызды іс-шараларды өткізумен айналысып келемін.  Былтырғы сайлауда да еліміздің ең тарихи оқиғасынан тыс қалмай, аудан әкімдігінің қолдауымен үйден дауыс бергенбіз, биыл да солай болды. Біздің әкімдік жұмысына көңіліміз толады, басшылық қашан да халықпен жиі кездесіп, үнемі тұрғындардың тілек-ұсынысына құлақ асып отырады. Бұл жолы да өзім дауыс берген азамат ел сенімін ақтап, ауданның, жалпы елорданың жағдайын одан әрі жақсартуға атсалысады деп сенім артамын, - дейді Мануар әже.

Зейнеткерлердің үйіне барған №84 сайлау учаскесінің комиссия мүшесі Ардагүл Бимараттың айтуынша, аталған учаскеде осындай 12 адам денсаулығы мен қарттығына байланысты үйден дауыс береді.

Біздің сайлау учаскесіміз №16 мектепте орналасқан, мұнда 2 800 адам тіркелген. Комиссия құрамында 10 адам, бақылаушылардан 12 адам бар. Сайлауға алғаш болып екі қария келді, оларға сыйлық берілді. Сонымен қатар дауыс беруге бірінші рет келген 2002 жылғы жас азаматқа да сыйлық берілді және міне қарттарға арнайы сыйлығымызды табыстадық. Жалпы біздің мақсатымыз – сайлауға барлық азаматтарымыздың қатысуын қамтамасыз ету және соған жағдай жасау,  - дейді ол.

Бөлісу!
жапсырмалар:

АҚПАРАТ АҒЫНЫ

Сайлау-2023