00:00
Астана -10oC
USD:
464.72
EUR:
496.32
RUB:
5.4
Поиск

ЕАЭО: Қазақстан тек экономикалық мүддені көздейді – сарапшы

26.05.2023 | 17:00
129
Фото: Ақорда

2000 жылы бүгінгі Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың қалыптасуына алғашқы құқықтық келісімдер қабылдана бастады. Сол келісімнің негізінде келешекте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында бірыңғай нарықты қалыптастыратын, салықтық һәм кедендік мүмкіндіктері жеңілдетілген, өзара сауда-экономикалық тиімді жобаларды жүзеге асыратын интеграциялық Еуразиялық ұйымның негіздері қарастырылған болатын. Бұл келісімге Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері қатысты. Ал Украина мен Молдова елдері аталған шартқа тек бақылаушы ретінде қосылды. 

Араға бірнеше жыл салып, 2006-2008 жылдары Кедендік одақ дүниеге келіп, интеграциялық ықпалдасудың кезекті қадамдары жасалды. Бірақ Кедендік одақтың ғұмыры өміршең болмады. Басында одаққа Өзбекстан мүше болып кіріп, жеке өтінішімен тұрақты мүшеліктен шығып кетті. 

Интеграция арқылы экономикалық қарым-қатынастардың жақты келісімдердің негізінде ортақ даму жолындағы ізденіс мұнымен тоқтамай, 2011-2014 жылдары Бірыңғай экономикалық кеңістік шарты қабылданды. Дегенмен сол уақыттағы түрлі сұраныстар мен талаптар геосаяси бағыттағы өзгерістерден, геоэкономикалық қадамдарға итермеледі.

Естеріңізде болса, Ресейдің де өзінің саяси қарқынға енуі Қырымды аннексиялап, Луганск пен Донецкіге, яғни көрші Украинаның аумағының ішкі ұлтаралық мәселелеріне тікелей араласа бастады. Әлбетте, бұл қадамдар бәрімізді ойландырмай қоймады. Әлемдік қауымдастық мұндай қадамды әшкерелеп, біржақты полярлы форматты шайқалуына әкелетініне, халықаралық нормалардың бұзылатынына алаңдаулы болды. 

Дәл осы кезеңде Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың толыққанды халықаралық актор ретінде аймақтық интеграциялық ұйым болып, 2015 жылдың 1 қаңтарында бектіліп шықты. Бұл бастамалардың үміті мен күдігі қатар жүргені анық. Өйткені ертеңгі сыртқы саясаты бұлыңғыр Ресей, оған әбден басыбайлы болған Белоруссия, өнеркәсібі мен өндірістік күші пәс Қазақстан, түрлі-түсті көтерілістерден көз ашпаған Қырғыз елі, жемқорлық пен саяси тұрақсыздыққа бой алдырған Армения, 1994 жылы тұңғыш Президент Н.Назарбаев автор ретінде МГУ-да жариялаған идеяның негізінде құрылған жаңа ұйымға мүше болып шыға келді. 

Әрине, экономикалық интеграциялық бағыты бар жерде саяси элементі бар ұсыныстар да аталған ұйым аясында көп пікірталас тудырды. Әсіресе, Ресей Президенті В.Путиннің осы аумақта ортақ «алтын» волютасын енгізуді ұсыну, оны ресейлік волютаның негізінде айналымға жүргізу, көпшілік мүше-мемлекеттің көңіліне жақпады. Десе де ортақ волюта мәселесі құр сөз емес еді, дәл осы ұйымның басты қадамдарында нақты жазылған. Бірақ қайдағы ортақ волюта, басты мақсаттары әлі толық жүзеге асырылмай жатса?!

Мұндай тарихи экскурсқа баруымыздың себебі, кешегі ІІ экономикалық форум аясында ел Президенті Қ.Тоқаевтың ұйымның аясында ұлттық мүдделердің шектелуіне әкелетін аспектілерге тоқталуы болатын. Алаңдаушылықтың түп төркіні - екі елдің (Ресей мен Белоруссия) одақ құрып, ұйымның шеңберінде Жарғыға қайшы қадамдар мен шешімдердің орын алып кету қауіптері. Президент форумда Еуразиялық экономикалық қауымдастық тек қана экономикалық интеграцияның шеңберінен шықпауы жайлы қадап айтты. Саяси амбициялар мен үкіметүсті шешімдер барлық ұйымның мүше елдеріне әсер етпеуін ескертті. 

Осы тұрғыдан алғанда, ұйым Жарғысының толық орындалуымен қатар, керісінше, ұйымның халықаралық деңгейде үлгі көрсетерліктей нәтижелерге қол жеткізуге, нақты сауда-саттық, кедендік, жаңа технологиялар мен тәжірибе алмасуларға басымдық беруге көңіл аударғаны жөн екені анық. 

Қазақстан бұл жағынан алғанда барынша инвестициялық ахуалды жақсартып, жан-жақты келісімдерді, жаңа логистикалық-көлік картасын жаңартып, аймақта қолайлы геоэкономикалық ахуалды туғызуға атсалысып жүргендігін көрсетуде. Бұл жайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, Үндістан, Түркия, Иран, Оңтүстік-шығыс Азия елдерімен экономикалық байланыстарының күшейіп келе жатқанын алға тартты. Осыған Ресей мен Белоруссия елдерін белсенді қатысуға шақырды. Себебі «байысаң, көршіңмен байы» деген көшпенділердің ізгі достық қағидалары қандай жағдай туындаса да, аймақтағы даму керуені тоқтамауы қажеттігін тағы да бір ескертіп өткендей болды. 

Оның үстіне, дипломаттардың сөзімен айтсақ, «келісімдер орындалуы тиіс» (Pacta sunt servanda), Қазақстан ұлттық мүддесінен шықпай, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа тек экономикалық интеграциялық мақсатында кірді. Ешбір келісімді бұзбай, осы бағытта жұмыс істей бермек. Ешбір саяси ұйымға кіріп, ешкімнің қолшоқпары болуға ниетті емес. Бұл - еліміздің басты халықаралық деңгейдегі мызғымас қиғадасы болмақ. Ел басшысы мұны да ІІ Еуразиялық экономикалық форумда әлі осы уақытқа дейін түсінбей жүргендерге меңзеп шықты.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы

Все новости