00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Пригородный елді мекенінде тұрғындар саны артты

03.11.2023 | 04:00
175
фото: Оңалхан Өнерхан

Ірі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші ондағы шағын аудандардың әлеуетімен де өлшенетіні белгілі. Мәселен бүгінде елорда маңында орналасқан 16 тұрғын алаптың барлығы дерлігінде жағдай жақсарып келеді. Солардың бірі әуежай маңында орналасқан Пригородный тұрғын алабы. Elorda.info тілшісі тұрғын алаптың тыныс-тіршілігімен арнайы барып танысып қайтты.

Елді мекенге кіреберісте бірден жылы аялдама, саудасы қызып жатқан бірнеше дүңгіршек пен оған қарама-қарсы орналасқан көпқабатты үйді көзіміз шалды. Адамдардың көптігінен орталық көше екені бірден байқалды.  

аялдама.JPG

Тұрғын алаптың мектебі де сол маңда орналасқан. Төрт қабатты үлкен білім ордасына бас сұқтық. 

№24 орта мектептің директоры Серік Қалиевтің сөзінше, бүгінде білім ошағында 2 090 оқушы бар. 

Мектебіміз екі тілде аралас білім береді. Барлығы 124 педагог бар. Мұндағы оқушылардың 75 пайызы осы тұрғын алапта тұрады. Оқушылардың ерекшеліктерін ескере отырып, негізгі сабақтан бөлек қосымша  «Тоғызқұмалақ», «Футбол», «Асық», «Бес тас», «Волейбол», «Баскетбол», «Би», «Домбыра», «Шахмат» сияқты спорттық үйірмелер өткіземіз. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы «Шұғыла» комьюнити орталығының ағылшын тілі, робототехника, шахмат, мәнерлеп оқу үйірмелері жұмыс істейді. Оқушыларымыздың арасында әртүрлі жарыс жеңімпаздары мен дебат шеберлігіне үміткерлер және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондары бар, - дейді мектеп директоры. 

школа.JPG

Қош, әрі қарай тұрғын алап туралы толық білу үшін Есіл ауданының бас инспекторы Нариман Орманбаевпен байланысқа шықтық. Оның сөзінше, әзірге елді мекенде қосымша әлеуметтік нысан салуға қажеттілік жоспарда жоқ. 

Пригородный тұрғын алабында бір орта мектеп, 2 мемлекеттік және 4 жекеменшік балабақша бар. Жергілікті халыққа медициналық көмек көрсететін «Шипагер» денсаулық орталығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда әлеуметтік нысандар жеткілікті. Тұрғын алаптың өз жылу қазандығы бар. Тұрғындардың барлығы жылу және ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, елді мекенде 6 ғана көше бар, олардың барлығы жарықпен қамтамасыз етілген. Одан бөлек жол сапасы да жақсы. Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады, - дейді Н.Орманбаев. 

жылу.JPG

Сондай-ақ, тұрғын алапта ASPAN спорт кешені бар. Соңғы технологияларға сай салынған кешен 2020 жылы пайдалануға берілген. Сауықтыру және спорт кешені «Қазаэронавигация» компаниясының қайырымдылық қаражатына бой көтерген. Мұнда спорттың 10 түрі бойынша жаттығуға және түрлі жарыстар өткізуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар кешенде аула клубы да орналасқан. Онда ағылшын тілі, хореграфия және шахмат ойнаудан тегін үйірмелер өтеді. 

авто.JPG

Бас инспектордың айтуынша, бүгінде қалаға қатынайтын автобус бағыттары жеткілікті. 

Елорда әуежайына баратын №10, №12 автобустары Пригородный тұрғын алабы арқылы өтеді. Сондай-ақ  №51-ші автобус қатынайды. Әзірге қосымша қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету және жаңа бағыт ашу бойынша қажеттілік жоқ. Тұрғындар үшін интернет қолжетімді. Олар қалауына қарай кез келген операторды таңдап, үйіне интернет орната алады, - дейді ол. 

көше 1.JPG

Тұрғын алап туралы қысқаша ақпарат білген соң, тұрғындар пікірін білуді жөн көрдік. Білім нысандары орналасқан Арнасай көшесімен жүре келе, балабақша қызметкерін кездестіріп, әңгіме тарттық. Музыка үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істейтін Жанар Мұратова әңгіме барысында елді мекенге базар қажет екенін айтып өтті. 

Мен осы алапта 2010 жылдан бері тұрамын. Қазіргі таңда №68 «Балбұлақ» балабақшасында жұмыс істеймін. Бұл жақта қаладағыдай у-шу, кептеліс жоқ. Өмір сүруге өте ыңғайлы деп айтар едім. Балаларға арналған спорт кешені және тұрғын үй аулаларында ойын алаңдары бар. Балалар рахаттанып ойнайды.Тек барлығына қолжетімді базар болса деп ойлаймын. Бізде дүкендер бар, бірақ базардағы баға басқаша болар еді, - дейді Ж.Мұратова.

аула.JPG

Бас инспектордың сөзінше, биыл тұрғын алапқа 300 түп қарағай ағашы егілген. Ал келесі жылы Арнасай көшесі бойында сквер салынады.

Пригородный қаламыздағы ең жасыл аймақтардың бірі. Мұнда осыдан 40-50 жыл бұрын егілген ағаштар әлі де бар. Өткен жылы 150 түп ағаш егілді. Биыл 300 қарағай ағашы отырғызылды. Олар көпқабатты үйлер ауласы мен көше бойына егілді. Жалпы бұл елді мекенде 4-5 қабатты 18 тұрғын үй бар. Олардың барлығында жыл сайын кешенді көгалдандыру жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Қазіргі таңда Арнасай мен Сарытоғай көшелерінің қиылысында үлкен қоғамдық кеңістік бар. Ал келесі жылы осы көше бойында тұрғындар өтінішімен үлкен сквер салу жоспарланып отыр,- дейді Нариман Орманбаев. 

балалар.JPG

Әрі қарай «Пригородный» тұрғын алабы өмір сүруге ыңғайлы ма?» деген сауалмен тұрғындар пікірін білуді жалғастырдық. Сәті түскендей, біз сөйлескен тұрғын жергілікті денсаулық орталығының дәрігері болып шықты. Бекзат Зейнешева елді мекенде күндізгі стационары бар емхана болғанын қалайды. 

Осы тұрғын алапта тұрып жатқаныма 2 жылдан асты. «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығында жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істеймін. Әрине, өмір сүруге ыңғайды. Себебі, мектеп, балабақша және спорт кешені бар. Ауыз судан мәселе жоқ. Көшелеріміз де жарық. Автобустар да жиі қатынайды. Елорданың шетінде орналасқаны болмаса, өзімізді қалада тұрып жатқандай сезінеміз. Мен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсеткендіктен күндізгі стационар болғанын қалаймын. Сонда ауруы мазалаған адамдар тынығып, ем-домын алар еді,- дейді Б.Зейнешева. 

көше.JPG

Сандық дерекке сүйенсек, бүгінде тұрғын алапта саяжай учаскелеріндегі тұрғындарды қоса есептегенде 15 мың тұрғын бар. 2019 жылы олардың саны 13 230 мың болған. Соңғы 5 жылда елді мекендегі тұрғындар саны артқан.

Тұрғын алапта халық саны жылдан жылға артып келеді. Әрине, қала маңында орналасқандықтан кейде тұрғындар көшіп жатады. Кейде қала тіршілігіне қарағанда тыныш жақта тұруды қалайтын адамдар керісінше қала орталғынан осы жаққа қоныс аударып жататды. Бұл қалыпты құбылыс. Тек осы жылы ғана жергілікті халық саны өзгеріссіз қалды. Ал негізінде соңғы 5 жылда халық саны шамамен 2 мыңға артты,- дейді бас инспектор. 

приго.JPG

Бүтін бір тұрғын алаптың әлеуметтік-экономикалық жаңғыруын жаза беруге болады. Тұрғындар үшін атқарылған жұмыс бірден көрініп тұратыны анық. Алдағы уақытта Пригородный тұрғын алабының даму принцип әлі де жүйелі түрде жалғаса бермек. 

Все новости