00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Мади Тайпин: «Жастар» сарайы креативті жастардың шығармашылық хабы болып табылады

Мади Тайпин: «Жастар» сарайы креативті жастардың шығармашылық хабы болып табылады
Фото: дереккөзден

Елордада ескі қаланың қолтаңбасы бар «Жастар» сарайы ғимараты сақталған. Тың игеру жылдарында іргесі қаланған бұл кешеннің жарты ғасырлық тарихы бар. Биыл 50 жылдық мерейлі датаға табан тіреген мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Elorda.info тілшісі бұл жөнінде «Жастар» сарайы МКҚК директоры Мади Тайпиннен сұрап білді. 
-Мәди Шойынбекұлы, алдымен «Жастар» сарайы және оның тарихына тоқталсаңыз.

«Жастар» сарайы - жарты ғасырлық тарихы бар мәдени-демалыс және спорттық-сауықтыру бағыттарын қамтитын көпфункциялы кешен.  
Бұл мекемені құру идеясы тың игеру жылдарында пайда болған. Сарайды жобалау және сәулет шешімдерімен белгілі сәулетші А. Полянскийдің тобы айналысқан. Ғимарат 1974 жылы «Жастар» сарайы ретінде пайдалануға берілді. 
Ал 2020 жылғы 15 ақпанда нысан күрделі жөндеуге жабылды, содан кейін толығымен жаңартылып, 2021 жылдың маусым айында қайта ашылған болатын. 
«Жастар» сарайы болашақ ұрпақтың рухани-мәдени дамуына және бұқаралық спортпен айналысуына қажетті таптырмайтын орталық. Оқудан тыс уақытта пайдалы дүниемен айналысып, бос уақытын тиімді өткізгісі келетін белсенді жастардың басын қосатын нысан. Кешенде балаларға, жастар мен ересектерге арналған мәдени-бұқаралық ойын-сауық іс-шаралары өтеді.

- Ұжымда қандай шығармашылық топтар жұмыс істейді? Сарайға айына қанша адам келеді? 

«Жастар» үйіне айына шамамен 1 мың астаналық жас пен жасөспірімдер келеді. Мекемеде оларға арналған 14 үйірме жұмыс істейді. Ол үйірмелерде 200-ден астам жас өнерпаздар дәріс алып жүр. Сарайдың ішіне бассейн мен спорт залы да кіреді. Жүзу, волейбол, баскетбол, футбол спорттық секциялар жұмыс істеп тұр, ал бұларға 750 бала мен жастар қатысады. 
Ал өнерге келетін болсақ, елордалықтар түрлі ұлттың биін үйренгісі келсе, «Меруерт» халықтық заманауи би ансамбліне, «Уақыт» би театрына, «Ровесник» халық би ансамбліне, «Радуга» заманауи және эстрадалық би студиясына бара алады. Жасөспірімдер мен жастардың ән орындау қабілетін шыңдайтын «DoStar» вокал мектебі бар. Ал «Underground music studio» музыка студиясында тек ғана вокалды дамытпай, сонымен қатар музыкалық аспаптарда ойнауды үйренуге болады. Сондай-ақ «М – Арт» театр студиясына, «PrimaVera» сән және сұлулық студиясына, «Сириус» цирк өнері мектебіне, бейнелеу өнері шеберханасына және армрестлинг секциясына қатысып, өнердің сан түрін меңгеруге болады. 

Жастар сарайында еліміздің бірнеше кәсіби шығармашылық ұжымдары жұмыс істейді. Олардың қатарында: «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі, «Терра» би театры бар. 

- Жастар - барлық жаңашылдықтың бастаушысы. Олай болса, «Жастар» сарайында креативті индустрияға қатысты жұмыстар да қарқынды жүріп жатқан болар? 

«Жастар» сарайы – креативті кластерді ілгерілететін беделді бір орын. Мұнда сурет галереяларын өткізетін холл, жастарға арналған коворкинг-орталықтар және әртүрлі перформанс қойылатын залдар да жеткілікті. Астана жастары үшін өз әлеуетін іске асырып, идеясы мен ұсынысын талқылауға, өнер және спорт тарапынан дамуға, сонымен қатар тәжірибе алмасуға барлық мүмкіндік қарастырылған. «Жастар» сарайы креативті жастардың шығармашылық хабы болып табылады десек, еш қателеспейміз. 
Соңғы жылдары шығармашылық индустрия аясында «Жастар» сарайында өнер саласының түрлі бағыттары бойынша іс-шаралар өткізіліп келеді. Олардың ішінде: театр және бейне саласында жаңа жылдық ертегілер – «Жаңа жыл түнінің мырзалары», «Қоянды кім ұрлады?», «Ғажайып сарайдың кілті»; фотосурет саласында «Сүйікті Астанам» фотокөрмесі; театр саласында «Код доступа» спектаклі. 

-Биыл «Жастар» сарайының 50 жылдық мерейтойы екен. Тарихи датаға орай қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ?

Биылғы жылы бізде өтетін барлық іс-шаралар мен шығармашылық және спорттық топтарымыз қатысатын бүкіл байқау мен сайыс «Жастар» сарайының 50 жылдығына арналады.

Все новости