Есіл ауданында инклюзивті аула клубы ашылды
Республиуа күніне орай Астананың Есіл ауданында “Әртүрлі - тең” атты инклюзивті аула клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін дойбы және шахмат бойынша үйірмелер бар. Алдағы уақытта емдік дене шынықтыру кабинетін ашу, йога, дартс сабақтарын өткізу, бейнелеу өнері, домбыра ойнау, робототехника бойынша үйірмелер ашу жоспарланып отыр.
Балалар-әр мемлекеттің болашағы, ал бүгін республика күні қарсаңында біз "Есіл" ауданында төртінші аула клубын ашып жатырмыз. Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көп көңіл бөлеміз және әрқашан осындай бастамаларды қолдаймыз, - деді Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев.
Сондай-ақ іс-шараға Республика партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Игорь Копайлов және балалар мен олардың ата-аналары қатысты.
Бүгінде Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракция балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және ерекше қажеттіліктері бар балаларға қатысты мәселелерді көтеруде. Мұндай клубтар балаларымыздың балалық шағын бақытты етуге көмектеседі, - деді Игорь Копайлов.
Бұл іс-шараға елордалық тұрғын Сәния Мейрман мектеп жасындағы баласымен келді.
Ауламызда осындай клубтың ашылғанына қуаныштымын. Балаларымыз бос уақытын пайдалы өткізетін болады. Ұлым әсіресе шахматқа қызығушылық танытты. Осындай клубты ашқан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, - деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, қазіргі таңда Есіл ауданының аумағында барлығы 3 аула клубы жұмыс істейді. Олардың екеуі – Пригородный және Заречное тұрғын алаптарында орналасқан. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 4 орталық бар.
Сабина Кәкімжан