Елордада «Жас сарбаз» қозғалысында сегіз мыңға жуық бала тәрбиеленеді
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде елорда жастарына әскери-патриоттық тәрбие беру туралы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Елімізде Тұңғыш Президенттің бастамасымен 2018 жылы «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» құрылды.
Қазіргі таңда барлық өңірлерде қозғалыстың филиалдары бар.
«Жас сарбаз» – Астана қаласының оқушылары мен студенттері арасында танымал қозғалыс. Елордада сегіз мыңға жуық бала тәрбиеленеді.
Жастар саясаты мәселелері басқармасы жыл сайын «Жас сарбаз» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізеді. Жоба патриоттық және тәрбиелік шаралар кешенінен тұрады.
Өткен жылы жастар арасында спортты насихаттау және ерік-жігерді тәрбиелеу мақсатында орта арнаулы оқу орындары арасында жеңіл атлетикадан марафон өткізілді. Оқушылардың шығармашылық дамуы, дарындыларды анықтау мақсатында әскери-патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылды. Ауған соғысы ардагерлерімен және Халық қаһармандарымен тағылымға толы кездесу өтті, - дейді Қ.Қамбаров.
«Жас сарбаз» қатарында волонтерлік қызметті дамыту мақсатында қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Жыл сайын «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасында 3 күндік әскери-патриоттық жиын өткізіледі.
Сонымен қатар, қалалық жиындарда астаналық жассарбаздықтар арасынан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық далалық жиынына қатысушыларды іріктеу жүргізіледі.
Биыл 17-23 шілде аралығында Қарағанды облысындағы Спасск оқу орталығында республикалық «Айбын» жастар слеті өтті.
Сайыс бағдарламасына «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны мен «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы және «Smart Sarbaz» робототехника байқауы кірді.
Жарыс жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.