00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Елордада үйлер арасында орналасқан АН-24 ұшағы туралы білесіз бе

19.04.2023 | 13:00
94
фото: Оңалхан Өнерхан

Сіз бір кездері ұшуға жарамсыз ұшақтарға не болатыны туралы ойланып көрдіңіз бе? Қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін кейбір ұшақтар қайта өңдеу немесе пайдалануға  жіберіледі. Кейде жеке адамдар мен кәсіпкерлер ескі лайнерлерді қонақүй, мейрамхана немесе туристік орындарға айналдыру үшін сатып алады. Екінші рет кәдеге жараған ұшақтар біздің елімізде де қызықты және ерекше орынға айналды. Мұндай орын елордада да бар. Elorda.info тілшісі тұрғын үйлер арасында орналасқан АН-24 ұшағы туралы қызықты деректер жинады. 

2017 жылдың ақпан айында Қарағанды маңындағы автомобиль жолына жақын ұшқан ТУ-154 жолаушылар ұшағы әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырған еді. Лайнер әлдеқашан пайдалану тізімінен шығып, енді ауаға көтеріле алмайтыны белгілі болады. Ұшақты жас қарағандылық кәсіпкер Денис Животовский Қарағанды әуежайынан сатып алып, енді одан дәмхана-мұражай жасауды ойластырған. Бүгінде «Эйр Астана» жазуы жапсырылған ұшақ кеншілер астанасының көректі жеріне айналуы мүмкін. Ал Астанадағы демалыс орындарының бірінде тұрған АН-24 ұшағы 1996 жылдары орналастырылған.   

самолет 1.jpeg

Ұшақтың ерекше көрінісі Байқоңыр ауданындағы Толстой көшесі бойында нақты көрінеді. Тұрғын үйлер арасында орналасқан демалыс орны аумағында ұшақтан бөлек кеме мен шағын көл де бар.  Сәндік мақсатта қойылған нысандар туралы толығырақ білу үшін демалыс орны иесімен кездескен едік. Елордалық кәсіпкер Ирина Авидиянның әкесінің ұшақты қалай әкеліп, құрастырғаны әлі де есіңде. 

Менің әкем Аслан Андреевич құрылысшы болды. Астана Целиноград болған уақыттарда өзінің құрылыс фирмасын ашып, әрқашан түрлі нысандарды салуды жақсы көрді. Әкеме жаңа идея келсе, соны жасауға асық болатын. Оның барлық жоспарын  қарауға кейде ілесе алмай қалатынмын. Мынау пирамиданың қашан пайда болғанын да көрмей қалыппын. Ал ұшақты қалай әкелгені менің есімде. Ол кезде 20 жаста едім. Қаладағы Бараев көшесі бойында  кетіп бара жатсам, екі жүк көлігі ұшақты қанатсыз алып кетіп бара жатты. Ұшақты қанатсыз бірінші рет көрген мен: «мұны қайда апара жатыр екен?» - деп ойланып қалдым. Әкемнің жұмысына келсем, бағанағы ұшақты қалай құрастырып жатқанын көріп, қатты таңғалған едім. Кейін ұшаққа қатысты бір қызық оқиға болды. Бізге демалушылар келіп, олар осы маңайды аралап жүрген. Ал ұшақтың сериялық нөмірі бар. Қонақтардың ішіндегі бір адам осы ұшақпен ұшқан пилот болып шыққан еді,- деп еске алды Ирина Авидиян.

самолет 2.jpeg

Кейіпкеріміздің сөзінше,  әкесі Аслан Андреевич әуе кемесі ұшуға жарамсыз болғандықтан, қолжетімді бағаға сатып алған. Ал кейін Павлодар қаласынан қайық алып келген. Су кемесіне атасы Константиннің есімін жазғызыпты. 

Ал бүгінде ұшаққа кіруге рұқсат жоқ. Іші тар болғанымен, бір кездері демалуға келген тұрғындар басқару құралдарын бүлдіріп кеткен. Барлығын қалпына келтірген соң, есіктерін жауып қоюды ұйғарыпты. 

самолет 4.jpeg

Демалыс орнындағы көлдің атауы қала картасында жоқ. Аумақта пайда болған шағын көлді Ирина Авидияның әкесі 90-жылдары тазалап, қалпына келтірген. 

Ал мына көл табиғи, оның су шығатын көзі бар. Бұрын бұл жерге қоқыс төгілген, айналасында қамыс әрі жері батпақты болған. Аслан Андреевич тиісті мамандардың көмегімен бұл жерде су көзі бар екенін тапты. Тазалау жұмыстарын жүргізген соң, осындай  шағын көл пайда болды. Көлді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанда бір атамен таныстым. Ол кісі 1945 жылдары осы жерде тұрып, аттарын шомылдырғанын айтқан еді. Қазір бұл жер қала тұрғындары үшін шағын табиғи мекен секілді. Жылда үйректер ұшып келеді. Жаз бойы осы аумақта жүріп, қыс түскенде кішкентай балапандарымен қайтадан ұшып кетеді,- дейді Ирина Авидиян. 

самолет 3.jpeg

самолет 6.jpeg

Өз заманында Аслан Андреевич кеңсе, дүкен, тұрғын үй,  жылыжай, қонақүй, мейрамхана тұрғызыпты. Тіпті теннис кортын салуды да жоспарлаған. Бірақ қоғамдағы саяси өзгерістерге байланысты құрылыс жұмысы тоқтап қалған. Елорданың бұрынғы тұрғандары бұл жерде хайуанаттар бағы болғанынан да хабардар шығар. Бақта түйе, жаннат, түйеқұс, кірпі, аққу, тіпті бегемот та болған деседі. Бірақ  бәзбіреулер аққулар қыста мекен ететін орынды қасақана бірнеше рет өртеп жіберген.  Содан кейін кәсіпкер хайуанаттар бағындағы барлық аңды сыйға тартып жіберіпті. 

самолет 5.jpeg

Бүгінде әке ісін жалғастырған Ирина Авидиян «Райский уголок» аталып кеткен демалыс орнын жазғы маусымға дайындап жатыр. Бірақ көлдің су деңгейі 2 жыл қатарынан төмендеп жатқаны кәсіпкерді алаңдатады.

Осы аймақта жұмыс істеу үшін қаржы да керек. Әзірге жазғы дайындық жұмысы жүргізіліп  жатыр. Тұрғындардың қала сыртынан шықпай, табиғатпен демалып қайтуы - біздің мақсатымыз. Биыл да су деңгейі төмен болып тұр. Оған қыста қардың аз түсуі және былтыр жазда жауын-шашынның болмауы себеп болып отыр. Адамдар қарым-қатынасы да себептердің бірі деп айта аламын.  Бұл аумақ тұрғындар үшін ашық. Жол қысқартып жүремін деген адам біздің жерден өте алады. Бірақ жай жүрмей, қоқыс тастап кетеді. Сондықтан қазір сағат түскі 12-ге дейін өтетін орынды  жауып тастаймыз. Ағам ұшақтың өз қалпында сақталуын қарайды. Себебі жай тамашалаудың орнына, кейбір бөлшектерін алуға тырысатын адамдар да бар. 25 жылдан артық тұрған ұшақтың сыртын қайтадан қалпына келтіру үшін бояу жоспарда бар. Бірақ бұл істі арнайы мамандар көмегінсіз іске асыра алмаймыз, - дейді кейіпкерім.

самолет 9.jpeg

Елордалық кәсіпкер демалыс орнындағы барлық шаруаны ағасы және құрбысының көмегімен іске асырып отыр. 

Әдетте біз көп дүние жасағымыз келеді, бірақ іске келгенде ол ойымыздан айнып жатамыз ғой, ал Аслан Андреевич барлығын іске асырған адам болған. Бастауыш сыныптан бері құрбы болып келе жатқан Ира - аудармашы, ал мен - медбикемін. Бірақ кезінде кадр тапшылығы болғанда Ира мені жұмысқа шақырды. Осы уақытқа дейін түрлі маман иесі болған шығармын. Барлығын жан-жақты үйрендім. Көпжылдық тәжірибенің арқасында қазір қонақүйдің директоры қызметіндемін,- дейді Ирина Авидиянның құрбысы.

самолет 7.jpeg

Кез келген әуе компаниясы өз ұшақтарының бірін пайдалануды аяқтағаннан кейін, ескі лайнерлерді сатып алушыны табуға тырысуы мүмкін. Бірақ егер сату мүмкін болмаса, ұшақ бөлшектеуді күтіп тұрған жүздеген басқа ұшақ қатарына қосылады.  Бірақ ескі лайнерлерден бөлшектерді сатып алатын әуекомпаниялар ғана емес. Кейбір бөлшектерін кеңселер мен үйлерге арналған орындықтар ретінде қайта пайдалануға және қайта сатуға болады. Кейбір ұшақтардың кабинасынан басқару элементтерін келесі буын ұшқыштарды оқыту үшін де пайдалануға болады. Басқа ұшақтарда пайдалану үшін жөндеуге болмайтын бөлшектер жойылады және қайта өңделеді. Шын мәнінде, есептен шығарылған ұшақ бөлшектерінің 95 пайызын қайта өңдеуге болады.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

Все новости