00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Елордада интернационалист жауынгерлердің мемориалына гүл шоқтары қойылды

15.02.2024 | 08:43
159
Фото: Оңалхан Өнерхан

Осы тарихи күнге орай Елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен Ауған соғысы ардагерлері жиналды. Жиналғандар еске алу рәсімін «Отан қорғаушылар»  монументіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Бұдан соң іс-шара Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған республикалық мемориалда жалғасты. 

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұханов іс-шараға қатысушы Ауған соғысы ардагерлерін бүгінгі тарихи күнмен құттықтады. Ол өз сөзінде ардагерлердің Отан алдындағы қызметі мен адалдығы үшін зор ризашылығын білдірді. Олардың ерен ерліктері және патриотизмі жас буын үшін жарқын үлгі болып қала беретінін атап өтті. 

әлмух.jpg

Бүгін жыл сайынғы дәстүр бойынша интернационалист жауынгерлер мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып тұрмыз. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 900-і қаза тапты, ал 20 адам хабарсыз кетті. Қазір Астанада 1233 Ауған соғысы ардагері бар. Оларға қоғамдық істерге белсене араласып отырғандары үшін алғысымызды білдіреміз. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! – деді Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұханов.

Іс-шараға қатысушы ардагерлердің қарасы өте көп болды. Олар сол бір сұрапыл кездерді бір сәт еске алды. 

адамдар.jpg

Бұл сұрапыл соғысқа мен 1979 жылы 18 жасымда бардым. Бұрынғы Көкшетау облысы Уәлихан ауданынан 4 азамат аттанған болатынбыз. Соның біреуі  Қабаш есімді сарбаз, өкінішке орай, 1980 жылы сол жақта қаза болып, мүрдесі елге жіберілді. Оның есімі мынау ескерткіште  жазылған. Қалған үшеуміз 1981 жылы елге аман қайттық. Оның екеуі Алматыда болса, мен Астанадамын. Бүгін, міне, жылдағы үрдіспен біз, Ауған соғысы ардагерлері, қыршын кеткен боздақтарды еске алып, интернационалист жауынгерлер ескерткішіне гүл шоғын қоюға келдік, - деді Ауған соғысының ардагері Ислам Уахитов. 

ҚР Қарулы Күштері ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ғани Артықов Ауған соғысы ардагерлерінің әскери парызын өтеу кезіндегі ерліктері мен бүгінгі бейбіт замандағы қоғам өміріне қосып отырған үлестерін атап өтті.

полк.jpg

Бүгінгідей айтулы күнде өз уақытында әскери парызын ерлікпен өтеген жауынгерлерге құрмет көрсетіп отырмыз. Оларға деген сый-құрмет басқа уақытта да толастамауы қажет деп есептеймін. Өйткені Ауған соғысы ардагерлері бүгінде жас ұрпақты патриоттыққа баулуда елеулі үлгі көрсетіп жүр. Еліміздің жас патриоттары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен кейін осы жауынгерлердің ерлігінен үлгі-өнеге алуда, - деді ҚР Қарулы Күштері ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ғани Артықов. 

ауғ гул.jpg

Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған республикалық мемориалға Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласы мәслихаты, Ардагерлер қоғамдары, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі, Чернобыль, Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан ардагерлер атынан салтанатты түрде гүл себеттері қойылды. Бұдан соң барлық Ауған соғысы ардагерлері де ескерткішке гүл қойып, қаза тапқан жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды. 

Все новости