Бірлік күні мерекесінде Астана аспаны ән мен күйге бөленді
Еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі тойланып жатыр. Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімдігі де бірлік пен этносаралық келісімнің жарқын мерекесіне орай іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлады Elorda.info.
Сағат түскі 12.00-ден бастап қала әкімдігі орналасқан алаңға жұрт көптеп жиналды.
Сахнада эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп жатыр. Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, Жігер Аупбаев, Әлішер Кәрімов, Дос, Қайрат Байекенов, Серік Ибрагимов сынды танымал әншілер әуелете шырқаған ән Астана аспанын жаңғыртып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлауда.
Концерттен бөлек тұрғындар ұлттық ойындар жарысын тамашалап, жәрмеңкеден өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алып жатыр.
Сондай-ақ елордалықтар мен қала қонақтары асық ату, қол күрес, арқан тартыс, гір көтеру секілді жарыстарды көріп, кейбірі тіпті өздері де бақ сынап жатыр.
Спорттық жарыс жеңімпаздары бағалы техникалық сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік іс-шарада Корей, Чешен-ингуш, татар мәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетіп, көпшліктің ыстық ықыласына бөленуде. Әсіресе, кавказ ұлтының өкілдерінен құралған ұжымның «Zazan» биі жұртшылықты тәнті етті.
Ұйымдастырушыларға осындай концерт өткізгені үшін алғысым шексіз. Жұрт мерекелік көңіл-күйде, бәрі де көңілді. Концерт өте тамаша деңгейде өтіп жатыр. Ересектер үшін де, балалар үшін де қызықты іс-шара. Барша қазақстандықтарды бүгінгі Бірлік күні мерекесімен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, әр отбасында амандық болсын! Еліміз аман, жүртымыз тыныш болсын! – деді Александа Корнилова есімді астаналық тұрғын.