00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Биыл 12 мың астаналық жұмыспен қамтылды

31.03.2023 | 20:58
Сабина Кәкімжан
87

Жыл сайын Астанаға қоныс аударушылар саны еселеп өсіп келеді. Ал бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы бәсекелестікті қыздырып, халықты жұмыспен қамту мәселесін алға шығаратыны белгілі. Елімізде жүзеге асып жатқан “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасының негізгі бағыттарының қатарында урбандалу деңгейін 59,1 %-дан 62,6 %-ға дейін ұлғайту; агломерациялар мен облыс орталықтарындағы халық санын жыл сайын 1,7 %-ға ұлғайту, қоныс аударушылар мен қандастардың жұмыспен қамтылу деңгейін, оның ішінде кәсіпкерлік бастаманы дамыта отырып 79 %-дан 87 %-ға дейін арттыру деген нақты индикаторлар бар. Міне, бұл шаруа елордада қалай шешілуде?

 «Elorda.info» редакциясы осы мәселелерді білу мақсатында қалалық жұмыспен қамту орталығына сұрау салған болатын.

Жұмыссыздық – елдегі өзекті мәселелердің бірі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінгі таңда жұмыссыздар саны 450 мыңнан аса адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды.

Былтыр екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 18 мыңнан астам жұмыссыз адам Астана қалалық жұмыспен қамту орталығына көмек сұрап келген. Солардың 12 мыңға жуығы Орталық қызметкерлерінің септесуімен жұмысқа орналасты. Ал нақтырақ айтар болсақ, оның 7 212-і тұрақты жұмысқа, қалғаны уақытша қызметке тұрған.

Елордада жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында бірқатар іс-шаралар атқарған. Басты көрсеткіш –  26 799 адамның жұмыспен қамтылуы. Оның 8 034-і тұрақты жұмысқа, ал 3 967-сі уақытша жұмысқа орналасты.  

Бүгінгі күні олар білім, құрылыс, қызмет көрсету, медицина және т.б. салалар бойынша қызмет етіп жатыр. Мұнда 18-ден 61 жасқа дейінгі азаматтар жұмыс істейді.

Халықты жұмыспен қамту орталығы мәліметінше, қазіргі кезде жұмыссыз азаматтарды оқытудың екі түрі бар. Біріншісі, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жұмыссыздарды оқу ұйымдарында оқыту. Мұнда шамамен 172 адам арнайы кәсіптер бойынша білім алады. Олардың қатарында кран машинисі, тиеу машинисі, электр газбен дәнекерлеуші, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, суретші, аспаз, наубайшы, кондитер, тігінші, тігін және кесте жабдығының операторлары, тігінші, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, шебер шаштараз, бақылаушы-кассир және т.б. бар.

Ал екіншісі, жұмыссыз азаматтарды жұмыс берушілердің жұмыс орнында өздерінің оқытуы. Мұнда келушілер шаштараз, тырнақ сервисінің шебері, тігінші, тәрбиешінің көмекшісі, аспаз, аспаздың көмекшісі, кондитер секілді мамандықтар бойынша арнайы кәсіптік курстардан өтеді. Мұның тиімділігі сол – жұмыс беруші өзіне керек білім мен білік дағдыларын ғана үйретіп, артық уақыт жоғалтпайды. Ал жұмысшы болса, болашақ кәсібінің қыр-сырын бірден өндіріс орнында игеріп, теориялық білімнен гөрі практикалық білімге иек артады.  

Сонымен қоса, биыл жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін Астана қаласы бойынша 350 грант бөлінді. Олардың ішінде осы жылдың сәуір айында өткен комиссияың бірінші отырысында 30 бизнес-жоба қаралған. Нәтижесінде бес грант мақұлданыпты. Сол грант иеленгендердің қатарында 29 жасқа толмаған үш жас, екі көпбалалы отбасы бар.

Сол көпбалалы аналардың бірі – «Бизнес бастау-2021» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсынан оқытудан өткен. Кейін кондитерлік өнімдерді әзірлеу бойынша өз бизнесін ашуға 1 миллионнан астам қаржылай грантты ұтып алған. Осылайша бүгінгі таңда жас кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар азаматтарға да жұмыс тауып беруге жәрдемдеседі.

Жыл басынан бері әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың бөліміне мүгедектігі бар 929 адам өтініш қалдырса, соның 839-ы жұмысқа орналастырылды. 

Жалпы Жұмыспен қамту орталығының жұмысы азаматтарды тек қана жұмыспен қамтумен шектелмейді. Оның ішінде, санамалап айтар болсақ, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтерді онлайн жүзеге асыруға, өңіраралық қоныс аударуды қолдауға, кәсіби бағдар беріп, мамандықтар атластары бойынша азаматтардың түсінігін қөалыптастыруға, онлайн оқыту арқылы дағдыларды қалыптастырып, мақсаттарына қол жеткізуге, еңбек нарығына талдау жасап, болжам жасауға көмектеседі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет бойынша нақты бос жұмыс орындарын интернет желісі арқылы тауып алуға мүмкіндік береді. 

Міне, миграция ағыны бір сәтке тоқтамайтын Астана қаласындағы еңбек нарығындағы ахуал осындай.

Әлбетте, бұл бағыттағы жұмыс осымен тоқталып қалмайтыны анық. Жоғарыда аталған Ұлттық жоба аясында нақты қойылған міндеттерге қол жеткізу жауапты сала мамандарынан қажырлы еңбекті талап етеді.

Все новости