00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Астанада шабандоздар бәйге жарысында бақ сынады

31.03.2023 | 19:31
Елорда ақпарат
103

Республика күніне орай елордада «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің ашылу құрметіне арналып бәйге жарысы өтті, деп хабарлады Elorda.info

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қатысып, сөз сөйледі, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Оқи отырыңыз: Елордада конкурдан ашық біріншілік өтіп жатыр

70-ке жуық шабандоз бәйгенің «Топ», «Аламан» түрлерінен сынға түсті. 

Жарыстың басты мақсаты – ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, келешегі зор шабандоздар мен жылқыларды анықтау.

Сондай-ақ мерекелік іс-шара аясында елорда тұрғындары үшін киіз үй тігіліп, көркем өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты, концерттік бағдарлама ұсынды.

Еліміздің барлық облысы мен қалаларынан кілең мықтылар есілдің ерке бөктерін дүбірге толтырды.

Екі күнге созылған сайыстың қорытындысы бойынша «Балалар» санатында Амира Қабажанова (сайыс аты «Шах») бірінші орынды иеленді. Ал шабандоз Дарина Дүржібаева (сайыс аты «Ғайсақ») тұғырға екінші болып көтерілді. Үшінші орын Лаура Алдабергеноваға (сайыс аты «Күрең») бұйырды.

Сонымен қатар, «Жас жылқылар» санаты бойынша Азамат Заменив (сайыс аты «Red River») бірінші орынды иеленсе, Олег Соколенко (сайыс аты «Маригольд») екінші орынды місе тұтты. Осы санатта бақ сынаған шабандоз Виктория Котина (сайыс аты «Сайгон») үшінші орынға тұрақтады.

«Ашық сынып» бойынша сайысқа түскен қатысушылардың ішінен Ержан Мағжаев (сайыс аты «Джафар») бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Олег Соколенко (сайыс аты «Күрең») иеленсе, Ника Сим (сайыс аты «Каприя») үздік үштіктің қатарынан көрінді.

Жеңімпаздарға 1 млн теңгенің сертификаттары табысталды. 

Бәйгеге тақымын қысып келген көрермендер арасында лотерея билеті бойынша бағалы сыйлықтар ойнатылғанын айта кетейік.

Еске салсақ, іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Все новости