Елордада «Қайырымдылық керуені» байқауы мәресіне жетті
Іс-шара жыл сайын Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан жүздеген меценат пен жанашыр адамдарды анықтайды.
Байқауды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Amanat партиясы бірлесе отырып, Іскер әйелдер қауымдастығы мен Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырды.
Биыл байқауға қатысуға 1033 өтінім, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 165 өтінім түсті. Қиын сәтте маңызды қолдау көрсетуге, мейірімділік жасап, жақынына қамқорлық жасауға, өз жеріне сүйіспеншілікпен қарап, жанашырлық көрсетуге шын мәнінде барлық адам қабілетті. Осы ретте біздің ұжым байқаудың жүлдегерін анықтауда үлкен жұмыс атқарды, – деді Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәния Ырысалиева.
Байқауға әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді шешуге өз үлесін қосқан және игі ісімен басқаларды ынталандырып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатысты. Жеңімпаздар 7 номинация бойынша, атап айтсақ, «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі», «Жануарларға мейірім» бойынша марапатталды.