Карантиндік шаралар аяқталғаннан кейін қандай нысандар ашылады – вице-премьер жауабы

0
0


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов онлайн брифингте карантиндік шаралар аяқталғаннан кейін қандай нысандардың ашылатынын айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Карантиндік шаралар аяқталған соң бірінші болып жұмысты бастайтын бизнес субъектілері нақтыланды. Олар – сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық азық-түлік және азық-түліктік емес базарлар, балаларға арналған коррекциялық кабинеттер, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер, мектепке дейінгі мекемелердің кезекші топтары, шаштараз, косметологиялық қызмет көрсететін сұлулық салондары. Алдағы екі аптаның ішінде кәсіпкерлік нысандарына күшейтілген дайындық жүргізіледі. Біз кәсіпкерлік нысандар туралы ведомствоаралық отырыста жан-жақты талқыладық. Әр нысан бойынша нақты санитарлық талап қойылады. 5 тамызға дейін Денсаулық сақтау министрлігі бойынша жұмыстарын жандандыратын нысандар бойынша санитарлық талаптар жөнінде нұсқаулық әзірлейді. Бұл тұрғыда кәсіпкерлік нысандары бетперде тағу режимі, санитайзер, дезинфекция жүргізу, әлеуметтік арақашықтық сақтау сияқты барлық санитарлық талаптарды сақтауға міндетті болады. Тек барлық талапты орындаған кезде ғана нысандардың жұмысына рұқсат беріледі. Оларды күн сайын мобильді топтар тексеріп отырады. Егер талапты орындамаған жағдайда кәсіпкерлік нысандарға айыппұл төлеуден жауып тастауға дейін шаралар қолданылады», – деді ол.