«25 жыл ішінде биыл алғаш рет асфальт төселді», – «Өндіріс» елді мекенінің тұрғындары

0
0
фото astana.gov.kz

Биыл Нұр-Сұлтанда жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын 150 көше жөнделіп, кейбіреуі жаңадан салынады. Оның 100 көшесі елді-мекендерге тиесілі, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Өндіріс елді мекенінде тұрып жатқанымызға 25 жыл болды, биыл бірінші рет асфальт төселді. Бұрын біз тіпті елордада тұратынымызды мүлдем сезбейтінбіз. Жолдарда шаң-тозаң, балшық көп болатын. Ал қазір жарық өткізіліп, асфальт төселді. Балалар көшеде ойнай алады, біз де олармен бірге серуендей аламыз. Жол жұмыстарына қатысқан барлық қызметкерлерге алғыс айтамыз. Қазір біз елорданың тұрғындары екенімізді анық сеземіз», – деді «Өндіріс» елді мекенінің тұрғыны Сәуле Құлмайева.

«Өндіріс» елді мекенінде 16 көше жөнделіп, кейбіреуі жаңадан салынса, «Агрогородок» елді-мекенінің 21 көшесінде жұмыстар жүргізіледі. Жол жұмыстарымен барлығына дерлік елді-мекендер қамтылады.

«Жаңа, таза жолдар біздің елді-мекеннің тұрғындары мен балаларына өте қолайлы. Тротуар да жасалмақ. Қысы жазы көшелеріміз таза болады», – деді «Агрогородок» елді мекенінің тұрғыны Ардақ Жанайдаров.

фото: astana.gov.kz

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 15 мың жұмыс орны, ал жол құрылысы бойынша 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Тұрғындар жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналаса алады.