Асқар Жұмағалиев: Жақында ұялы телефон әмиянның электронды баламасына айналуы мүмкін

0
0
Фото: Асқар Жұмағалиев/Facebook

ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жақында ұялы телефон әлеуметтік төлемдердің кез келген түрін, зейнетақы немесе жәрдемақы, мемлекеттен берілетін басқа да төлемдерді алуда әмиянның баламасына айналуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бұл туралы министр өзінің Facebook парақшасында жариялады.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын дүкендерде байланыссыз төлем жасау терминалдарының пайда бола бастағаны есімде. Ол кезде төлем картасын қою үшін терминалдың қосымша тіркемесі болатын. Бір дүкеннен терминалды көріп қалып, дүкеншіден «байланыссыз төлем жасауға бола ма?» деп сұрағанымда ол төлем жүргізуді қиындатпауды (басын ауыртпауын) өтінді. Ал қазір бұған бәріміз үйрендік. Өйткені технологиялар қарыштап дамуда, біз болсақ, өзімізге ыңғайлысын таңдаймыз. Тіпті өзімен бірге төлем картасын алып жүрмейтіндерді де білемін, себебі олар NFC (Apple Pay, Samsung Pay, Google Pay) арқылы төлем жасауға көшкен. Ақшаны телефон нөмірі бойынша банктік шотқа жіберу, QR арқылы төлеу көпшіліктің үйреншікті ісіне айналды. Жақында egov-та баж төлемін Kaspi арқылы QR көмегімен төлеу мүмкіндігі пайда болды, ал ХҚКО-ларда Халық банкінің қосымшасы арқылы QR көмегімен төлеуге болады», – деп жазды А.Жұмағалиев.

Оның сөзінше, жақында ұялы телефонның өзі әмиянның баламасына айналуы мүмкін.

«Соңғы уақытта азаматтың ЖСН (электронды әмиян) бойынша немесе тікелей телефон теңгеріміне ақша жіберуге болатын электронды және мобильді әмияндар белсенді түрде қолданылуда. Кар-Телдің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік төлемді азаматтың телефон теңгеріміне жіберу мүмкіндігін сынақтан өткізгенінен де хабардармын. Теңгерімдегі ақшаны банкомат немесе Қазпошта арқылы алуға болады. Сондықтан таяуда телефон әлеуметтік төлемдердің кез келген түрін, зейнетақы немесе жәрдемақы, мемлекеттен берілетін басқа да төлемдерді алуда әмиянның баламасына айналады деп ойлаймын», – деді ол.