Гуманитарлық көмекпен келген дәрі-дәрмек қоймада ұзақ тұрып қалды ма

0
0
Фото: Сұлтан Сейітов

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев онлайн брифингте БАҚ өкілдері тарапынан қойылған гуманитарлық көмекпен келген дәрі-дәрмектер СК «Фармацияда» неліктен ұзақ жатып қалғаны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Гуманитарлық көмек арқылы келген дәрі-дәрмекті біз жалпы саны 7 тараптан алған болатынбыз. Олар Үндістан, Пәкістан, Ресей, Жапония, Түркия елдерінен және Түркияның екі компаниясынан келді. Осы дәрі-дәрмектің ішінде ең елеулі үлесі мына дәрілерге тиесілі: гидроксихлорохин дәрісінің 90 мыңнан аса, хлорохин дәрісінің 100 мыңнан аса. Қалған препараттар: авиганның 12,2 мың дана, ацетилцистеиннің 10,2 мың данасы және плаквенилдің 10 мың данасын алдық. Қалған препараттар 100-300 дана, 1 500, 150, 500 данадан келген болатын», – дейді Е.Ашықбаев.

Вице-министр ешбір дәрі қоймаларда қалмағанын, ал Қатар елінен келген көмекте дәрі-дәрмек болмағанын айрықша айтып өтті.

«Дәрі-дәрмекке келгенде тиісті құжаттарын алғаннан кейін ешқайсысы қоймаларда қалған жоқ. Олар тиісті мекемелерге бірден таратылған болатын. Бұл жөнінде тиісті түсініктемелер берілді. БАҚ беттерінде шыққан ақпарат бойынша бұл Қатар елінен келген көмекке жеке қорғаныш материалдарына байланыстырылған болатын. Бірақ Қатардың жасаған көмегінде ешбір дәрі-дәрмек болған жоқ. Сондықтан екі нәрсені шатастырмайық, келген дәрі-дәрмектің бәрі де тікелей бірден ортақ дистрибьютор арқылы медициналық мекемелерге жеткізіліп тұрады», – дейді ведомство өкілі.