Қажет дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін Үндістанға арнайы ұшақ аттанды – Бюрабекова

0
0

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова қажет дәрі-дәрмектерді алып келу үшін Үндістанға арнайы рейс аттанғанын, сол сияқты тегін медициналық көмекті арттыру үшін қажет препараттар сатып алынғанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бүгін Делиге арнайы рейс барып амбулаториялық көмекке қажет дәрі-дәрмектерді алып келеді. Ал ертең және арғы күні екі борт Ресей Федерациясы мен Үндістанға барып амбулаториялық көмекке қажетті қор құру үшін дәрі-дәрмектер алуға барады», – дейді вице-министр.

Ведомство өкілі қажет дәрі-дәрмектер сатып алынғанын тілге тиек етіп өтті.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін стационарлар мен емханаларды, сақтандыру жүйесін, ауруханаларды қамтамасыз етумен «Фармация» СК-нің бірыңғай дистрибьюторы айналысады. Осыған дейін біз тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін қажетті препараттар сатып алынғанын айтқан болатынбыз», – дейді Л.Бюрабекова.

Бұған қоса ол қоймаларда қалған дәрілер ауруханаларға таратылып жатқанын айтып өтті.

«Қоймаларды толтыру үшін және ауруханаларды қамтамасыз ету мақсатында кешегі күннен бастап бірыңғай дистрибьютор сатып алынған барлық дәрілер ауруханаларға (3 млрд теңге көлемінде) таратылып жатыр. Сонымен қатар дәрілік заттарды сатып алу рәсімдері жүргізілуде», – дейді ол.