Ресейден 3 млн бума дәрі-дәрмек келді – вице-министр

0
0
фото Gipermed.info

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова еліміздегі сауда желілерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Нарықты дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету әрі олардың қолжетімділігі Мемлекет басшысының тікелей назарында. Қазіргі уақытта Үкімет ел тұрғындарын амбулаторлық және стационарлық деңгейде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Үкімет қазіргі таңда амбулаториялық желілерге неғұрлым сұранысқа ие дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін ұшақтардың бірнеше бортын ұйымдастырды», – деді вице-министр.
Ол өз сөзінде өңірлерге сұранысқа ие 21 түрлі дәрі жіберіліп жатқанын тілге тиек етіп өтті.
«ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов отандық өндірушілермен көтерме дистрюбиторлармен мәжіліс өткізді. Шілде айының соңына дейін аптасына бірнеше рейспен қажет дәрілерді бөлшек сауда желісіне жеткізіп тұрамыз», – деді Л.Бюрабекова.
Бұған қоса ол Ресейден жеткен гуманитарлық көмек жайлы қозғап өтті.
«Өткен сенбі күні Ресейден екі борт дәрі-дәрмек келді. Онда дәрілердің 3 млн-нан астам бумасы жеткізілді. Олардың бәрі еліміздің үш ірі қаласы мен өңірлерге тең бөлінді. Олардың сертификаттауы мен қажет құжаттары жылдам рәсімделіп, сауда желісіне түсті», – дейді ведомство өкілі.