Руслан Дәленов экономиканы құтқаратын 10 қадамды мәлім етті

0
0

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Президенттің экономика мен халықтың табысын орнықтыру шараларын қабылдауды тапсырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бірінші. Мемлекет басшысының ахуал қиындаған жағдайда салаларды қолдаудың қосымша шаралар топтамасын құру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспары құрылады. Жоспардың жобасын Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте қарап, кеңес мақұлдаған жағдайда бекіту ұсынылады», – деді ол.

Екінші. Министрдің айтуынша, тікелей инвестицияларды тарту үшін тұрақты орта қалыптастыру мақсатында Мәжілістің қарауына стратегиялық инвесторларға арналған шарттардың сақталуын орнықтыру үшін заңнамаға қажетті өзгерістер енгізіледі.

Үшінші. Мемлекеттік компаниялардың тұрақты негізде бюджетке дивиденттер төлеуін арттыру мәселесі зерттеледі. Жасалған талдау негізінде тиісті нормативтік құқықтық акт әзірленеді.

Төртінші. Бюджеттің кіріс бөлігінің тиімділігін көтеру үшін салық преференциялары мен жеңілдіктерге талдау жасалады», – деді ол. Бесінші. Дәленовтің айтуынша, заңнамада қатаң бюджеттік тәртіп бойынша Ұлттық банктен кепілдендірілген трансферттердің мақсатты сипаты анықталады.

Алтыншы. Министрлік Қаржы нарығы агенттігімен және Ұлттық банкпен, басқа да мемлекеттік орган, ұйымдармен бірлесіп, қор нарығын дамыту жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпаратты Президент әкімшілігіне енгізеді.

Жетінші. Мемлекеттің фискалдық және экономикалық мүддесін қорғау бойынша МЖӘ туралы заңнамаға жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін арттыру үшін өзгерістер енгізіледі», – деді ол.

Сегізінші. Министрдің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бизнестің қарсы міндеттемелерін енгізу арқылы нақты индикаторлар мен стратегиялық міндеттер белгіленеді.

Тоғызыншы. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыркүйекте «ақылды реттеу» элементі ескерілетін «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервисі толық іске қосылады. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мен консультациялар алуын жеңілдету үшін бизнеске арналған «Бірыңғай терезе» толықтай жұмыс істейді.

Оныншы. Мемлекеттік қолдаудың әсері ауқымды болуы үшін мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері қабылдаған қарсы міндеттемелерді жедел мониторингілеу үшін цифрландыру құралдары белсенді қолданылады», – деді ол.

Тұтастай алғанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп, ағымдағы экономикалық ахуалды мониторингілеу мен тиісті әлеуметтік мәселелерді әзірлеу жұмыстарын белсенді жүргізеді, деді Дәленов.

Бұдан бұрын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті өз құзыреттілігі туралы ойлануға шақырған. Бұл ретте ол жаңа карантиндік шаралар экономикалық жағдайды күрделендіруі мүмкін екенін атап көрсетті. Президент үкіметке екі апта ішінде елдегі ахуалды жақсартуды тапсырды.