42 500 теңге кімге, қашан төленеді

0
0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем кімдерге және қашан төленетінін мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Мына карантин шектеулері салдарынан табыссыз, жалақысыз қалған жұмыс істеп жүрген азаматтардың осы шілде айында төменгі жалақы көлемінде, яғни 42 500 теңге бір реттік көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды. Көпшілікті осы мәселе қызықтырады. Халық тарапынан «Бұл төлем кімдерге төленеді?», «Мұқтаж адам кім?» деген сауал жиі қойылды. Бұл жолы 42 500 теңге көлеміндегі төлем өткен жолғы төтенше жағдай кезіндегі қағида бойынша төленеді. Яғни, жұмыс істеп жүріп, өзінің табысынан, алып жүрген жалақысынан айырылған азаматтарға беріледі. Ол жалдамалы қызметкерлерге, жеке кәсіпкерлерге және өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға тарайтын болады. Бұл жолы бір айға қарастырылып отыр», – деді ведомство басшысы.

Министр өз сөзінде әлеуметтік төлем қашан төленетінін түсіндіріп берді.

«Бұл жолы да осы төлемнің операторы ретінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры белгіленді. Өткенде біз осы қордың қаржылық жағдайы туралы айтып, оның шектеулі екенін жеткізгенбіз. Дегенмен бүгін шешім қабылданды. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бір аптаның ішінде сол әлеуметтік қордың қаржылай мәселесін шешуі тиіс. Оған дейін алдағы бір-екі күнде біз ережені пысықтап, мемлекеттік органдармен келісіп, Әділет министрлігінен өтіп, тіркеуіміз қажет және де осы уақытта біз өзіміздің ақпараттық жүйелерімізді, яғни порталдарымызды сол ережеге сәйкестендіріп, тестілеуден өткіземіз. Біздің жоспарымыз мүмкін болса жұма күні бүкіл порталдар өтініш беруге ашық болады. Ал дүйсенбі күннен бастап, яғни 20 шілдеден төлемдерді төлеуге кіріссек деп отырмыз. Жұмаға дейін өтініш беріп әуре болмаңыздар», – деді Біржан Нұрымбетов.