Жапония Қазақстаннан бағалы деликатес өндіру үшін жылқы етін сатып алады

0
0
фото Kazakh-tv.kz

Жапония Қазақстаннан бағалы деликатес өндіру үшін жылқы етін сатып алады. Бұл туралы Елорда Инфо ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа нарықтың ашылуы алдында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы экспорттық әлеуетті дамыту аясында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті шетелдік әріптестерге алғашқы сұрау хат жолдаған еді. Онда қазақстандық фермерлер мен кәсіпкерлер Жапонияға жылқы етін жеткізуге мүдделі екені туралы айтылған болатын.

Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Жапония елінің Ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасынан жылқыларды сою және қайта өңдеу кезінде алынған ет, ет шикізаты мен субөнімдерді Жапонияға экспорттауға ветеринарлық сертификат берді. Ал, 2020 жылдың 25 мамырынан бастап экспорттың ашылуы туралы ресми хабарлама жіберді.

Бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өз өнімдерін экспорттауға дайын қазақстандық кәсіпорындардың тізімін жасады. Ет одағы, «Атамекен» ҰКП және Комитеттің облыстық аумақтық инспекциялары арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жіберілген сұранымға 34 отандық кәсіпорын өздерінің келісімдерін берді. Олар туралы ақпарат жақында жапон тарапына берілді.

Айта кету керек, Жапония елі тек жылқы етін ғана импорттауға емес, тірі жылқыларды да сою үшін алуға мүдделі.