Оқушылар мектепке қай уақыттан бастап қатынап оқиды – Аймағамбетов жауабы

0
0
фото Pavlodarnews.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушылары дәстүрлі түрде білім алуын қашан бастайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Біз бүкіл ел бойынша 1 қыркүйектен бастап оқу жылы қашықтық форматта басталатыны туралы шешім қабылдадық. Бұл орталықтандырылған шешім және жергілікті деңгейде ол реттелмейді. Бірінші тоқсан аяқталғаннан кейін біз санэпиднормалар жақсарады деп үміттенеміз. Білім беру ұйымдарының жұмысын қайта бастауы осыған байланысты, – деді министр.
Министр нақты алгоритм бекітілгенін және ол Денсаулық сақтау министрлігімен және санитарлық қызмет мамандарымен бірлесіп жасалғанын айрықша атап өтті.
«Біз эпиджағдайдың «қызыл» деңгейінде тұрғанда білім беру ұйымдарының бәрі қашықтықтан жұмыс істеуі керек. Егер жағдай дұрысталып әрі Денсаулық сақтау министрлігі бізге тиісті мәліметтер беретін болса, келесі кезеңге көшеміз. Ол кезеңде 1-5 сыныптары штаттық режимге ауысатын болады», – деді министр.
Министр сөз арасында оқушылар мен ұстаздардың денсаулығы бірінші орында екенін тілге тиек етіп өтті.
«Ал сырқаттанушылық көрсеткіші одан да көп төмендеген жағдайда штаттық режимге 6-11 сыныптар өтетін болады. Бірақ санитарлық нормалар өте қатаң сақталады. Егер коронавирус инфекциясы жойылып, ауру фактілері болмаған кезде, яғни «жасыл» деңгейге өтер болсақ, онда білім мекемелерінің бәрі дәстүрлі режимге көшетін болады. Бұл әлемдегі көптеген елдің тәжірибесі. Біз үшін балалар мен педагогтардың қауіпсіздігі, денсаулығы бірінші орында», – деді Аймағамбетов.