Үйде сақталған дәріні сатуға болмайды – Денсаулық сақтау министрі

0
0

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн брифингте жеке тұлғаларға дәрілерді алып-сатумен айналысуға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Қазіргі уақытта дәріханаларда парацетамол болмаса, оны алмастыратын дәрілер өте көп. Мысалы, Тайлол фен хот, антигриппин және басқа да бірқатар дәрілердің құрамында да парацетамол бар. Басқа да дәріханалар желісіне енгізілген вирусологиялық дәрілерді алмастыратын препараттар да жеткілікті. Алайда әлеуметтік желілер арқылы дәрі сататын жеке тұлғалар да жоқ емес. Азаматтар өздері пайдаланбаса да, үйде сақталған дәріні екінші адамға сатуға болмайды. Өйткені оның сақталуы керек температурада сақталмай, құрамы өзгеріп, науқасқа кері әсер етуі де мүмкін. Сондықтан алып-сатарлар анықталса, олар жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде айыппұл салынып, қатаң жаза қолданылатын болады. Бұл жағдайды біз құқық қорғау саласының қызметкерлерімен бірге қадағалайтын боламыз», – деді ол.