«Астана» халықаралық қаржы орталығының 500-қатысушысы тіркелді

0
0
фото Yvision.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы АХҚО-ның қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті  500-ші компанияны тіркеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Соңғы жылдары АХҚО қарқыны өсіп, әлемнің 42-ден астам елінің компаниялары қаржы орталығына келіп тіркелді. Аталған компаниялар Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, ҚХР, РФ, Эстония, Латвия, Италия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Үндістан, БАӘ, Түркия және тағы басқа да елдерден. Бүгінде мәмілелерді ашық және тиімді жасасу үшін АХҚО өз қатысушыларына қаржы құралдары мен тетіктерінің кең спектрін ұсынады.

АХҚО юрисдикциясындағы 500-ші компания SWISSFE CENTRAL ASIA LTD болды. SWISSFE LTD Германияда, Голландияда, Австралияда, АҚШ-та, ҚХР-да, Үндістанда, Малайзияда, Ұлыбританияда, Сербияда, Чехияда, Оңтүстік Кореяда, Испания мен Данияда жылжымайтын мүлік пен активтерді басқарумен айналысатын жеке меншік жаһандық инвестициялық компания. 2020 жылы компанияның басқаруында 1,8 млрд швейцариялық франк сомасына активтері бар. SWISSFE LTD өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық активтерге ерекше назар аудара отырып, жоғары сапалы инновациялық активтерге инвестиция салады.

«Бүгін біз АХҚО ресми ашылғаннан 2 жылдан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті және АХҚО-ның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен болған тарихи жетістікті атап өтеміз. Осы кезеңді еңсере отырып, біз инфрақұрылым құруды аяқтап, енді біртіндеп іскерлік белсенділікті арттыру мен өңірге инвестиция тартуға жәрдемдесуге көшіп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанымызды қуана хабарлаймыз», деді АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов.

«AIFC Business Connect рөлі АХҚО-да тіркелу артықшылықтарын ілгерілету және Орталық шеңберінде компания құрылғаннан кейін бизнесті жүргізудің жеңілдігін қамтамасыз ету арқылы біздің қатысушы-ұйымдардың коммерциялық мақсаттарын қолдау болып табылады. Мен SWISSFE CENTRAL ASIA LTD ғаламдық қамту компаниясы Қазақстанда және аймақта АХҚО-ның қатысушысы ретінде өз бизнесін дамыту туралы шешім қабылдағанына және АХҚО-да тіркелген 500-ші компания болғанына қуаныштымын», деп көрсетті AIFC Business Connect компаниясының бас директоры Джеймс Мартин.

Гокан Есілгоз, SWISSFE CENTRAL ASIA LTD басқарма төрағасы АХҚО халықаралық инвестициялық компаниялар үшін тамаша платформа ұсынатынын атап көрсетті.

«Атап айтқанда, өзімізге бұрыннан таныс ағылшын құқығы мен салық жеңілдігі және шетелдік инвесторларды қолдау ұсынылып отыр. SWISSFE CENTRAL ASIA LTD ретінде біз Қазақстанда инвестициялық портфеліміз үшін жаңа мүмкіндіктерді көріп отырмыз», дейді ол.

АХҚО қатысушылары өз қызметін банк ісі, сақтандыру, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, исламдық қаржыландыру, несиелік рейтингтер, заңгерлік кеңес беру, бухгалтерлік есеп, холдинг компанияларының қызметі және басқа да салаларда жүзеге асырады. Қазіргі уақытта АХҚО банк секторының активтері 365 млн АҚШ долларына жетті, капитал нарығы да өсім көрсетті. Ал тартылған акционерлік капитал 291 млн АҚШ долларын құрады.