Мәдениет министрі Қайрат Байбосыновты мерейтойымен құттықтады

0
0
Фото: Мәдениет және спорт министрлігінен

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әнші, ұлттық өнерді насихаттаушы, «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері Қайрат Байбосыновқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың туған күніне орай жолдаған құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова министрлік атынан да ұлағатты ұстазды мерейтойымен құттықтады.

«Құрметті Қайрат Әукенұлы!

Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз ұлттық ән өнерімізді насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ағзам абыз, ұлағатты ұстазсыз. Ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан халқымыздың бай мұрасы – дəстүрлі əндерді жандандырып, талғампаз тыңдарманға нақышына келтіре жеткізіп келесіз. Қазақтың болмыс-бітімін паш ететін туындыларды таныту үшін алыс-жақын мемлекеттерде концерт беріп, ел руханиятын байытуға атсалысып жүрсіз.

Сіздің əнге құмарлығыңыз, қоңыр домбыраға деген махаббатыңыз, бағындырған бел-белестеріңіз шəкірттеріңіз үшін үлгі.

Осынау ерекше сәтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дәулет тілеймін!», – деп жазылған министрдің құттықтау хатында.