Елордада «Бухарест», Румыния астанасында «Нұр-Сұлтан» саябағы ашылды

0
0

Қазақстан мен Румыния елдері арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да нығая түсті. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Румыния Бухарест» атындағы саябақ ашылды. Ал румын елінің астанасында «Нұр-Сұлтан» атындағы саябақтың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Елордадағы саябақ Есіл ауданында ашылып отыр. Оның салтанатты ашылуына аудан әкімі Берік Жәкенов пен Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чезар Маноле Армян қатысты. Қос елдегі саябақтардың ашылуы онлайн түрде өтті.

Астанадағы жаңа саябақ «Жасыл орам» тұрғын үй кешенінің жанында орналасқан.

«Бүгін бізде ерекше жаңалық болып отыр. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас нығая түсті. Елорда күні қарсаңында Румыния астанасының орталығынан елордамыздың атына берілген саябақ ашылды. Енді бұл саябаққа халқымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ескерткіші орнатылады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында ашылған саябақтың орнын елшілікпен бірлесіп анықтадық», – деді Берік Жәкенов. 

Жиын барысында Чезар Маноле Армян Нұр-Сұлтан қаласында Румыния Елшілігінің ұйымдастыруымен бірқатар шаралар қолға алынып отырғанын, әзірге карантин салдарынан толық жүзеге аспай жатқанын тілге тиек етті.

«Екі ел арасында игілігі мол бастама жүзеге асып отыр. Қазақтың әйгілі тұлғасы – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ескерткішін Бухарест қаласына орнату Елшілік тарапынан ұсынылған еді. Бұл ұсыныстың қолдау тапқанына қуанып отырмыз. Енді Нұр-Сұлтан қаласына румын халқының әйгілі классик ақыны Михай Эминескудың ескерткішін қоюды жоспарлап отырмыз», – деді Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.