«Жұмыспен қамтудың жол картасы»: Елордадағы жұмыссыздар жұмысқа қалай орналастырылады

0
0

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту орталығы мен әкімдік мамандары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға мониторинг жүргізу мақсатында елордада жүзеге асырылып жатқан жобаларды көріп шықты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жұмыс тобы барған ең бірінші нысан – №49 орта мектебі. Онда қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобада 98 адамды жұмыспен қамту қарастырылған. Ал оның 28-і Жұмыспен қамту арқылы орналасқан. Олардың бірі – тәжірибелі құрылысшы, учаске бастығы Владимир Огай.

«Мен Жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыс бар ма деп сұрастырдым. Жасым 58-де. Қазіргі таңда біз сияқты егде тартқан адамдарға жұмыс табу қиындау. Ал жас кезімізде, әрине, аяқ-қолымыз жұмыстан бір сәтке де босамады. Мамыр айының соңында барғанмын, 3-4 күннен кейін хабарласып, мені осы жерге шақырды. Мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл нысанда 94-95 адам жұмыс істеп жатыр. Естуімше, олардың көпшілігі мен сияқты «Жол картасы» арқылы келіпті. Біз сияқты жалдамалы жұмысшыларға бастысы еңбекақымызды уақтылы төлесе болды. Мұнда бәріне көңілім толады. Уақтылы төлейді, жалақымыз да жаман емес. Ұжым да жақсы. Жұмыспен қамту орталығына рақмет», – деді В.Огай. 

Бұл жерден кейін әкімдіктің жұмыс тобы Тұран даңғылынан Жиделі көшесіне дейінгі №26 көше құрылысының алаңына атбасын бұрды. Мемлекеттік бағдарлама аясында бұл нысанда 189 жұмыс орны құрылған. 111 адам мұндағы жұмысты қалалық Жұмыспен қамту орталығы арқылы тапқан.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба – Қошқарбаев даңғылы бойындағы гүлбағы. Оның абаттандыруына 31 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал оның 19-ы Жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасыпты.

Коронавирустық пандемия кезінде жұмыссыздарды көбірек қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламаға қатысу үдерісі жеңілдетіліп, Нұр-Сұлтанда тұрақты тіркеуде тұрмаған азаматтарға да мүмкіндік берілген.

Бағдарламаға қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына, 87172578888 call-орталық нөмірі арқылы  жүгіну қажет. Содан кейін ізденушінің сұрауына қарай, орталық мамандары лайықты бос жұмыс орындарын таңдап, жобаларға әңгімелесуге жолдайды. Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі: жеке куәлік, бар болған жағдайда диплом, еңбек кітапшасы.

Орталық жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру жөнінде мониторинг жүргізіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жетекшілік етеді.

«Жұмыспен қамту орталығында бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде жедел штаб жұмыс істейді. Онда салалар бойынша бөлінген, жұмыс беруші-мердігерлермен өзара байланыс жасайтын 12 жоба әкімшісі бар. Бұл жерде әкімшілер басталған жұмыстар, құрылған жұмыс орындары және ХЖҚО бағыты бойынша жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар санына мониторинг жүргізеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша сұранысқа ие бос жұмыс орындары: электрші, дәнекерлеуші, слесарь, биіктік электромонтері, биіктік монтажшысы, ВСДЕ жүргізушісі», – Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Аймира Муксулова.