Елорданың кейбір дәріханаларында парацетомол дәрісі неліктен тапшы

0
0

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары дәріханалардың кейбірінде әлі күнге дейін парацетамол мен басқа да тапшы дәрі-дәрмектердің жоқ екеніне шағымданып жатыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова «СК-Фармациямен» жұмыс істемейтін дәріханалардың тапсырыстарына қандай құрылым жауапты екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бүгінгі таңда РФ-дан бөлшек сауда желілеріне келген барлық препараттар өңірлерге, оның ішінде логистика мен тасымалдау шарттарын ескере отырып, алыс жерлерге жеткізілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының аумағында парацетамол, сондай-ақ құрамында парацетамолы бар препараттар дәріханаларға жеткізілді және олар қолжетімді. Сондай-ақ, бізде С витамині бар парацетамол өндіретін отандық өндірушілер бар. Мониторинг аясында анықталған қажет дәрі-дәрмектер әлі де жеткізіледі», — деп түсіндірді Л.Бюрабекова.

Оның айтуынша жеке дәріханалардың өтінімдерін ешкім тексермейді, олар кәсіпкерлік субъектілеріне жатады.

«Дәріханалардың бөлшек сауда желісі – бұл жеке дәріханалар. Бүгінгі таңда бізде 8 мыңнан астам бөлшек дәріхана бар. Олар кәсіпкерлік субъектілеріне жатады және олардың өтінімдерін ешкім тексермейді. «СК-Фармация» да оларды ешқашан тексермеген», – дейді вице-министр.

Айтуынша, жеке дәріханалар өздерінің болжамдарын жасап, көтерме дистрибьюторлардан сатылымы бойынша дәрі-дәрмектер сатып алады. Сол себепті олардың өтініштері тексерілмейді.