Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша?

0
412

Астана көгілдір отынмен толық қамтылады. Қазір осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр? Бұл қандай газ? Тұрғындар оны үйіне қалай тарта алады? Елорда Инфо тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына Нұр-Сұлтан әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов жауап берді.

Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша?
Фотосуреттердің авторы: Оңалхан Өнерхан

– «Сарыарқа» магистральді газ құбыры бас қалаға Қызылорда облысынан келеді. Ал Қызылордаға көгілдір отын Маңғыстаудан жөнелтіледі. Яғни, Маңғыстау – Алматы бағытындағы газ құбырына Қызылорда жақтан қосылып, отынды астанаға қарай тартамыз. Елорданы табиғи газбен қамту үшін бізде екі автоматтандырылған көгілдір отын тарату жүйесі қарастырылған. Газды солардан қаланың ішіне тарту, әрбір үйге дейін жеткізу, қосу әкімдік жобасында қаралған. Біз бұл жоба бойынша құрылысты 2019 жылы күзде бастадық. Нұр-Сұлтанды отынмен қамту жобасы үш кезеңнен тұрады.

I-ші кезең

Біз қазір I-ші кезең бойынша құрылыс жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл кезеңде газ астанадағы жылыту орталықтары, яғни ЖЭО-1,2,3-ке келеді. Көпқабатты үйлер жылуды осы орталықтардан алады. Биыл әрбір ЖЭО-ның үш қазандығын көгілдір отынға ауыстырамыз. Одан кейін Теміржол, Көктал-1,2, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный тұрғын үй алаптары қамтылады. Бұл нысандардағы газ тарату жүйелері бойынша жұмыстың жартысын биыл, қалған жартысын келесі жылы аяқтаймыз. Биыл Теміржол, Промышленный алаптарын толық қосамыз. Қазір Теміржол тұрғын үй алабы бойынша жұмыс толығымен бітті. Біз құбырды әр үйге дейін жеткізіп қойдық, қазір іске қосу жүріп жатыр. Шілде-тамыз айларында газ беруді жоспарлап отырмыз. Жуырда алғашқы газ да қалаға кірді. Ал Промышленный алабында жұмысты екі айда аяқтаймыз. Көктал-1,2 мен Агроқалашықта қарастырылған 200 шақырым көгілдір отын желісінің 80 шақырымы салынды. Келесі жылы бізде Оңтүстік-Шығыс, Агроқалашық және Көкталдың кейбір шағын аумақтары ғана қалады. Нақтыласақ, біз жыл соңына дейін Теміржол тұрғын үй алабында – 654 үй, Промышленный алабында – 1 мың үй, Агроқалашықта – 1 мың үй, Көктал-1-де – 2,5 мың үй, Көктал-2-де – 2 мың үй қосамыз. Қалған үйлер келесі жылға қалады. Алдағы жылы аталған тұрғын үй алаптарында жұмыс аяқталады.

Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша?

II-ші кезең

II-ші, III-ші кезеңдер бойынша жобалау жүріп жатыр. Олардың құрылысын келесі жылы бастаймыз. Екінші кезеңде Күйгенжар, Мичурино, Пригородный, Интернациональный, Тельман, Family Village, Garden Village алаптарын қосу қарастырылған.

III-ші кезең

Үшінші кезеңде Шұбар, Өндіріс, Ильинка, Кирпичный тұрғын үй алаптары бойынша жұмыс жүргізіледі. Жоба бойынша елорданы газбен қамту жұмысы алдағы үш жылда аяқталады деп отырмыз.

Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша?

Биыл құрылыс тоқтаған жоқ. Күні-түні, екі ауысыммен қарқынды еңбек етіп жатырмыз. Үлгеріп, тіпті кестеден алда келеміз. Жұмысты қыста да жалғастырамыз.

Қысы-жазы құрылысты бізбен келісімшарт жасасқан мердігер жасайды. Арнайы мамандар жұмыстың нормаға сәйкестігін тексеріп отырады. Мысалы «авторлық қадағалау» деген қызмет бар. Яғни, жобаны жасаған мамандар мердігердің қалай жұмыс істеп жатқанын, жобаға сәйкестігін тексереді. Одан басқа «техникалық қадағалау» деген қызмет бар. Мамандар жұмыс технологиясын, материалдардың жобаға сай келуін, олардың сапасын бақылайды. Құбырдың әр бөлшегі міндетті түрде арнайы рентгенмен, қысыммен тексеріліп, сынақтан өтеді. Осылайша, қауіпсіздік толық сақталған.

Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша?

Көбі бізден «көгілдір отынды жеке үйге қалай кіргіземіз, неден бастаймыз?» деп сұрайды. Біз жобаға сәйкес газды әрбір аулаға, яғни қоршауына дейін әкелеміз. Одан кейін үйіне қосам деген адам «ҚазТрансГазАймақ» АҚ эксплуатациялық ұйымына барады. Өтініш жазып, техникалық шарт, қосылуға рұқсат алады. Сосын отынды үйге кіргізетін жеке компания табуы тиіс. Қазір нарықта ондай компаниялар көп, оларда арнайы лицензия болуы керек. Онымен келісімшарт жасағаннан кейін мамандар үйдің ішінде қажетті жұмыс жасап, құбырға жалғайды. Одан соң «ҚазТрансГазАймаққа» қайта барып, «менде жұмыс бітті, қабылдауды сұраймын» деп өтініш жазу қажет. Олар тексереді, бәрі дұрыс болса, қабылдап, тұрғынмен газ қосу туралы шарт жасайды.

Жүйеге қосылудың бекітілген құны жоқ, себебі ол үйге байланысты. Егер үйіңіз үлкен, қоршауы алыс болса, сіз оған жылыту жүйесі, ыстық су, монша мен қасыңыздағы уақытша баспананы қосам десеңіз, бұл әрине қымбатқа түседі. Өйткені оған арнайы қазандық алу керек болады. Қосылу сомасы шамамен 150 мың теңгеден басталады. Ал отынның ай сайынғы бағасын басқа құзырлы органдар бекітеді, біз тек құрылысқа жауаптымыз.

Газдың бірнеше артықшылығы бар: жыл сайын көмір, ағаш алу қажет болмайды. Көмірге кезекке тұрып, сапасына уайымдап, оны әкеп, түсіріп, әуре болмайсыз. Қысы-жазы үйдегі жылу мен суды бір ғана батырмамен басқарасыз. Қазандыққа қажетті температураны қойып, қосасыз – үйдің іші тез жылиды. Көгілдір отынның тағы бір жақсы жағы – түтіннің болмауы. Қыста қаланы түтін басатынын білеміз. Жалпы, газбен қамту жобасының негізгі мақсаты – экологиялық жағдайды жақсарту. Біз қолдан келгенше орталық жылу жүйесі жоқ аудандардың, әлеуметтік нысандардың, жеке үйлердің бәрін газбен қамтуға тырысып жатырмыз.

Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша?

Газбен қамту жобасы республикалық, жергілікті бюджет және инвестиция есебінен қаржыландырылып отыр. Тағы бір айтарым, Нұр-Сұлтанда жұмыс істеп жүрген мердігердің, маманның бәрі – қазақстандықтар. Пайдаланып отырған өнімдер, құбырлар, көгілдір отын реттегіш пункттер де елімізде жасалған. Сондықтан отандық газ жүйесі дамымаған, біреуден кем не артта қалған деп айтуға келмейді. Бұл сала жақсы дамыған.

Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша? Елорданың газға көшуі: қашан, қай жер, қанша?

Алдымызда тұрған мақсат – астананы біртіндеп көгілдір отынға көшіру. Бәрін жоспарға сәйкес орындаймыз деп сенеміз, соған ұмтыламыз. Мердігерден бастап әр жұмысшыға дейін аянбай еңбектеніп, еліміз үшін игі іс атқарып жатыр. Осы жұмысты аман-есен орындап, Нұр-Сұлтанды газбен толық қамтамасыз етеміз деген сенімдеміз.

Қымбат Елтайқызы