Елбасының тарихи шешімі – елорданы газбен қамту жүзеге асты

0
0
Фото: Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Нұр-Сұлтанда алғашқы әлеуметтік нысандар мен үйлерге газ тартылды, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Александр Куприенко/Elorada Aqparat

«Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елордамызды көшіру туралы идеясы бүгінде тұтас ұлттық идеяға айналды. Бір кездегі шағын ғана Ақмола – бүгінде ел халқының тағдырын тоғыстырған, Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің басын қосқан үлкен мегаполис. Мұнда қазір 1,2 миллионға жуық халық тұрады. Олардың тұрмыс сапасын арттыру – мемлекетіміздің басты әлеуметтік саясаты. 5 әлеуметтік бастамасын жариялаған кезде Елбасымыз елорданы газбен қамтуды тапсырды. Тұрғындарымызбен кездесуде олардың айтқаны – «Елорданы газбен қамту – Елбасының тарихи шешімі» дейді. Оңтүстіктен 1 мың шақырым газ құбыры тартылды. Бұл – зор еңбек. Әлемдік пандемия кезінде де, жұмыстарын тежемей, қала тұрғындарының игілігі үшін аянбай қызмет еткен, жобаны жүзеге асырушы азаматтарға алғыс білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының дамуы мен одан әрі гүлденуін жіті назарда ұстап келеді. Президент уақытынан кешіктірмей қаланы газбен қамтуды сапалы аяқтауды тапсырған болатын. Міне, Нұр-Сұлтан қаласына газ жеткен тарихи сәтке куә болып тұрмыз. Бұл әлі күнге дейін отын, көмір жағып отырған қаншама елордалықты күнделікті бейнеттен құтқарады. Қаламыздың экологиялық әлеуеті артады. Сонау оңтүстіктен жеткен құбыр арқылы газ әрбір көшеге тартылды. Енді әкімдік есептегіш құралдарды орнатып береді. Содан әрі қарай үйді-үйге азаматтардың өзі тартып алуы қажет», – деді Алтай Көлгінов.