Курск шайқасының қаһарманы соғысты мылтықсыз бастаған

0
0

Астаналық Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз Ахат Бекмәдияұлын таяуда редакциямыздан көріп, қуанып қалдық. «Astana aqshamy» газеті Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай дөңгелек үстел отырысын ұйымдас­тырып, оған Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, белгілі ғалым Өмірзақ Озғанбаев, майдангер ақсақал Жүнісбек Кәрімов пен өзіміз біраздан бері танитын Ахат ата да қатысты.

Осыдан бес жыл бұрын ардагердің шаңырағына арнайы барып, кең отырып әңгімелескенбіз. Содан бері мүлде өзгермегенін, санасының сергектігін, қимылының ширақтығын жоғалтпағанына риза болдық. 97 оңай жас емес. Осы жасқа Ахат ақсақал Алланың оған берген нығметі, денсаулығына мұқият болуының арқасында жетіп отыр.

– Әлі күнге дейін қимыл-қозғалысым көп. Таңертең ерте тұрып, гимнастика жасаймын. Үйлесімді тамақтанамын. Ол – жас күнімнен қалыптасқан әдет. Сол гимнастиканың көмегі шығар, қазір денсаулығым жақсы, – дейді Ахат ата бұл туралы.

Майдангерлер дегенде біразымыз ескере бермейтін бір жайт бар. Ұлы Отан соғысын олардың басына түскен алғашқы ауыртпалық деп ойлаймыз. Жоқ, өткен ғасырдың отызыншы жылдары естияр болып қалған балалар ең алдымен қолдан жасалған ашаршылыққа ұрынды.

– Біздің Қазқоскөл ауылынан 1,5-2 шақырымдай жерде ескі Колутон деген орыстың селосы болды. Бала кезімізде сол селодан Қызылжар қаласына бидай жөнелтілетін. Әкемнің ағасы Ахмедия пар атпен кіре тартатын. Сол кісі Қызылжарға бір аптаға кететін. Ағайыма кіре тартқаны үшін тиесілі «паёктен» бөлек бір қап бидай берілетін. Міне, сонымен ол кісі ағайынды төрт шаңырақты асырады. Соның арқасында ептеп бидай қуырып жеп, жанымызды ашаршылықтан аман алып қалдық, – дейді майдангер.

Ақсақалдың әкесі Бекмәдияның Ахмедиядан бөлек, Мұхамедия және Рахметолла деген бір туған бауырлары болды. Солардан қалған жалғыз тұяқ – осы Ахат ата.

– Атамның аты – Молдабай. Соның Бекмәдиясынан ғана ұрпақ тарады. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, бітті, ұрпақ жалғастығы үзілді деген сөз. Жаугершілік заманда адам ұрпақсыз өтсе, оның зиратына қара қазанды апарып төңкеріп тастайтын. «Қара қазан» өзі қазақ үшін қасиетті ұғым ғой. Қара қазан қайтыс болған адамның зиратында жатса, оның шаңырағының өшкенін білдіреді, – дейді майдангер қазақтың ескі дәстүрінен хабар беріп.

Ахат ақсақал 1923 жылдың 1 қыркүйегінде астананың іргесіндегі Астрахан (ол кезеңде Калинин аталған) ауданының Қазқоскөл ауылында дүниеге келді. Әкесі Бекмәдия Атбасардағы қызыл милиция құрамында Кеңес өкіметін құруға қатысқан көзі ашық, белсенді адам болыпты. Бастапқыда Атбасар қаласындағы мектеп-интернатта оқып, кейіннен Тол­қынкөлдегі жетіжылдық орыс мектебін бітірген Ахат Бекмәдияұлы 1939 жылы 16 жасында Қызылжар қаласындағы пе­да­гогикалық училищеге оқуға түседі.

1942 жылдың мамыр айында мұғалімдер училищесін үздік бітірген Ахат туған ауылына оралды. Алайда алған мамандығы бойынша еңбекке араласу қол жетпес арманға айналды. Ауылға келгеннен кейін бір айдан соң Ахат әскер қатарына шақыру қағазын алып, майданға аттанды. Ақмола қаласында жасақталған 90-жаяу әскер полкының құрамында бір айдан кейін Волга бойындағы Сызрань қаласына әкеліп, әскери жаттығуларға үйрете бастады. Әскери ескі-құсқы киім таратты, мылтық жоқ. Содан бір күні эшелонға тиеп, Тула қаласына әкелді. Жолда бірнеше рет эшелонды жау ұшақтары бомбылады. Қаруы жоқ жауынгерлердің бар қолдан келетіні – жау ұшақтары эшелонды бомбылай бастағанда жақын маңдағы орман-тоғайға тым-тырақай қашу. Алғы шепке жетпей-ақ бомба жарықшақтарынан мерт болған жауынгерлер жол бойы сиреп қалды.

– Біз мінген эшелон алғы шепке жақындап келіп тоқтады. Алдыңғы шептен атылған оқ, жарылған снарядтың дауысын да еститін болдық. Сонда да мылтық беретін түрлері жоқ. «Осылар бізді соғысқа мылтықсыз апарып салар ма екен?» деген күдігіміз де жоқ емес. Тағы да жау ұшақтары бомбылай бастады. Осындай бір сәтте эшелонды қорғайтын зенитшілер жаудың бір ұшағын атып түсірді. Отқа оранған жау ұшағынан екі-үш неміс парашюттен секіріп, біз тығылған орманның шетіне түсті. Біздің ротаға жау ұшқыштарын қоршап, тұтқынға алу міндеті жүктелді. Біз неміс ұшқыштарын жылдам-ақ тауып, қоршауға алдық. Бірақ қос-қос тапаншадан оқ жаудырған немістер жанына жолатар емес. Қаумалаған бірнеше жауынгер оққа ұшты. Қарсылық көрсететін мылтығымыз жоқ. Тек айғайлап, қолымызға іліккен ағаш сынықтарын лақтырып, қорқытқан боламыз. Сөйтіп жүзге жуық мылтықсыз жауынгер мұздай қаруланған екі немісті ала алмай бірнеше сағат әуреге түстік. Ақыры жанкешті азаматтар қапысын тауып, жараланғандарына қарамастан, екі немісті қарусыздандырып үлгеріпті. Міне, менің жаумен бетпе-бет кездескен алғашқы шайқасым осылай басталған еді. 1942 жылдың шілде айында Мәскеу бағытындағы қиян-кескі ұрысқа араластық. Автоматшылар взводының құрамында жау бекінген биіктікті алу үшін шайқасқа кірістік. Қарша бораған оқ толас тапқан бір сәтте «уралап» қарсы шабуылға шықтық. Биіктіктегі жау окобына таяқ тастам жер қалғанда, жүгіріп келе жатқан бойы омақаса құладым. Белден ауыр жараланып, госпитальда есімді жидым, – дейді Ахат ата сол ауыр күндерді еске алып.

Содан Ряжск деген қалада бірнеше ай бойы госпитальда жатты. Гос­питальдан шыққаннан кейін кіші командирлер даярлайтын қысқа мерзімді курсқа жіберілді. Бір айдан кейін, 1943 жылдың сәуірінде сержант атанып, жаңадан жасақталып жатқан әскери құраманың бөлімше командирі етіп тағайындалды. Содан атақты Курск доғасындағы қанқасап соғысқа кірді.

– Таң қылаң бере бастағанда мыңдаған зеңбірек күндей күркіреп, жау бекінісіне қарай от боратты. Жарты сағатқа созылған жойқын артиллериялық отшашудан кейін біздің үр жаңа резервтік армиямыз шабуылға шықты. Өңкей тәжірибелі, талай-талай ұрыстарға қатысып, тіс қаққан жауынгерлерден тұратын бөлімшемді бастап немістің алғашқы бекінісіне бірінші болып жеттік. Сол үшін алғаш рет «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталдым. Курск доғасында болған сансыз шайқастардың бірінде ауыр жараланып, қайтадан госпитальға түстім. Алғашқыда Тула, одан кейін Новосибирск госпиталінде ұзақ емделдім. 1944 жылы үкіметтің мұғалім, инженер сияқты мамандарды әскерден босату туралы қаулысы шықты. Сол жылдың наурыз айында маман мұғалім ретінде мені де әскерден босатты, – дейді майдангер.

1944 жылы елге оралып, сәуір ­айында Колутон стансасындағы №63 мектепке мұғалім болып орналасты. Содан 1988 жылы 65 жасында зейнеткерлікке шыққанға дейін, 44 жыл бойы жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатты.

Құдай қосқан қосағы Шәмшу ­екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының алды зейнеткерлікке шығып, ақсақал қазір немере-шөбере сүйіп отыр. Алпыс жылға жуық отасқан бәйбішесі 2001 жылы қайтыс болыпты. Көңілін жабырқататын осы жайт қана, әйтпесе жасыл ормандағы жалғыз бәйтеректей ұрпағының ортасында бақуатты ғұмыр кешіп отыр.

Ахат ата осыдан он жыл бұрын Жеңіс күнін Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында қарсы алды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Мәскеуде өткен парадқа елордадан барған жалғыз майдангер де өзі. Енді бір айға жетер-жетпес уақытта Ұлы Жеңістің 75 жылдығы келеді. Майдангерлер жасай берсін!

 

Аманғали Қалжанов    

«Астана ақшамы» газеті