Тұтқынның тағдыры

0
0
фото astana-akshamy.kz

Біздің ауылда бір ақсақал болды. Елге сыйлы, құдайына қараған, еңбекқор жан еді. Өзі Отан соғысының ардагері, майданда жарақат алған. Алайда соғыс туралы ешқашан тіс жарған емес.

Қоржын тамда тұратын бір шеттегі,
Қысы-жазы үстінде сұр шекпені.
Медальдары сыңғырлап майдан жайлы
Мақтанышпен ешқашан сыр шертпеді.

Көтеріліп көктемде жер ыстығы,
Көше жайнап жеткенде Жеңіс күні –
Көк есегін ерттеп ап жөнеуші еді,
Көшетіндей бір жаққа егістігі!

Өйткені ол соғыс кезіндегі тұтқын болатын. «Ақарық» колхозының (қазір Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы ауылы) озат диқаны 1941 жылы алғашқылардың қатарында майданға аттанады. Артында кеше ғана отау құрған жан жары мен қарт әкесі қалып барады. Қария шығарып салып тұрып: «Шырағым, әулеттен қалған жалғыз тұяқ едің. Тағдырыңа қарғыс атқыр соғыс тап келді, қайтейін. Өзіңді бір Аллаға табыс еттім. Мынау туған жердің бір шөкім топырағы, мойныңа бойтұмар ғып тағып жүр…» деп еді-ау.
Арада алты ай өтпей жатып, «ұлыңыз хабар-ошарсыз кетті» деген қағаз келді. Бірақ қария «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп үмітін үзген жоқ. Әйтеуір дүниенің бір бұрышында жалғызым жер басып жүр деген сенім кәрі жүрекке күш-қуат дарытты. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, айналайын, мойыма…» деп келініне дем беріп отыратын.
Ал бұл кезде жалғыз ұлы жараланып, жау қолына түскен болатын. Оны алда тұтқынның төрт жылға созылар азапты тағдыры күтіп тұрған еді. Күзет – күшті. Бірнеше рет қамаудан қашуға жасаған әрекеті сәтсіз аяқталды. Есесіне өлімші болып сабалып, қара жұмысқа қайта жегілген. Түсінгені – пенденің көретін жарығы таусылмаса, басқа түскеннің бәріне көнеді екен.
…1945 жылдың көктемінде бұларды тұтқыннан америкалық әскерлер босатты. Соғыстың біткеніне, қапастағы азапты күндердің артта қалғанына көңіл сенбейді. Ендігі арман – ертерек елге жету. Мойнында – туған жердің бір шөкім топырағы. Қияметтің қыл көпірінде талай рет ажалмен бетбе-бет келген тұста жүрекке – рух, бойға күш-жігер берген осы туған жердің бір шөкім топырағы шығар!
Кешегі тұтқындарды кеңес әскерлерінің қабылдап алуы ұзаққа созылды. Тергеу-тексеру амалдары әбден қалжыратты. Жау қолына қашан, қалай және қандай жағдайда түстің деген сияқты сұрақтардың астына алды. Елім деп ынтыққан көңілдің ыстығы сонда да басылған жоқ. Арты жақсы болмайтынын алдын ала сезіп, Сталиннің қаһарынан сескеніп, жат жерде біржола қалып қойғандар да аз емес-ті…
Бұрынғы тұтқындар тиелген эшелон жарты Еуропаны артқа тастап, бірден ит арқасы қиянға – Сібірге жол тартты. Әскери трибуналдың үкімін де жол үстінде жария еткен. Біреуге – 25 жыл, біреуге – 20 жыл… Бұған шахтада он жыл бойы (без права переписки) көмір қазу жазасы бұйырды.
Итжеккендегі иттірлік тағы да бірнеше жылдарға созылды. Жастайынан бейнетпен көзін ашқан ол мұнда тағы да еңбек озаты атанды. Саяси тұтқын емес, сауаты да жоқ қазаққа түрме басшылығы бір ай демалыс беріп: «Отбасыңды көшіріп алып кел, жазаңды өтегенше осында тұрасың» деп жеңілдік жасаған көрінеді. Әуелі итарба, сосын отарба, кейін атарбаға ауысып мініп, әйтеуір елге де жетті-ау.
Кешқұрым көктен түскендей үйіне кіріп келгенде, бір жағы кәрілік, бір жағы қуаныштан әкесі орнынан тұра алмай қалды. Аллаға мың бір алғысын жаудырып, «Шүкір, бұ күнге жеткізгеніңе, шүкір» дей берген.
Құдай қосқан қосағы болса шаңырағын құлатпай, отын түтетіп отыр екен. Әкесі бірде «Қарағым, аяғыңа оралғы болар балаң жоқ… Басың жас кезде бақытыңды табам десең, жолың ашық. Маған алаңдамай-ақ қой» деген. Бірақ өр мінезді келіні «Ата, осы босағаны оң аяқпен аттадым, сүйегім де осы босағадан шығады» деп кесіп тастаған соң бұл әңгімеге олар қайтып оралмаған.
«Келіннің – аяғынан» дейтін халық даналығы рас екен. Тұяғы жалғыз тұлпарға бес ұл, төрт қыз тауып берді! Сөйткен тоғыздың кенжесі – осы жолдардың авторы. Маңдайына жазылған азабы мен бейнеті бірнеше ғұмырға жететін сол тұтқын менің әкем Әбдірей болатын…

***

Әкемнің одан арғы тағдыры туралы анамның аузынан естідім, онда да құрақ көрпедей үзік-үзік әңгімелер. Бастан кешкен қиындықтарды қайта еске алу ешкімге оңай емес. Қиыр Шығыстан елге жетем дегенше әкемнің демалыс мерзімі бітуге таяу қалған. Көп ұзамай көшіріп әкетуге қарулы жасақ келеді. Тек Смайыл қария үзілді-кесілді бас тартып: «Сібірге сүйегімді сүйретіп бармаймын, елде қаламын, ал сен қатыныңды алып жүре бер!» дейді. Қарияны қалай жалғыз тастасын, анам да елде қалып, әкем тағы да бір өзі Сібірге жол тартып бара жатты.
Қалаға келген соң органда жауапты қызметте істейтін туысымыз Терлікбай деген кісінің үйіне түседі. Ол ет асып, екі солдатты кеш бойы арақпен суарады. Олар әбден ұйқыға кеткенде әкем ең жақын адамдарын тастап, итжеккенге қайта барғысы келмейтінін айтады. «Онда отбасыңмен ел аумағынан 24 сағатта шығып кете алсаң, көмектесуге тырысып көрейін» дейді Терлікбай.
Сөйтіп тағдырларын шүберекке түйген үш жолаушы түн жамылып суыт аттанады. Басты бағыт – Памир таулары. Қолда Қайып қажының сол елдегі тамыр-таныстарына жолдаған үшбу хаты. Нағашы атам Қа­йып Өтеуліұлы кеңес өкіметі орнағанда бар малын өз еркімен ортаға салған екен. Одан қалса басмашылармен соғыс тұсында қызыл керуенді өзіне таныс жолдармен талай бастап жүріпті. Енді, міне, тау халқынан тағдыр айдаған үш қазаққа пана болыңдар деп өтініп отыр.
Памирге жеткенше талай тар жол, тайғақ кешуден өткені маған беймәлім. Анам бертінде Сталин қайтыс болып, елдегі жағдай қалыпқа келгенше сол тауда құрамалардың ішінде тұрдық дейтін. Сол елге деген ыстық ықыласы ерекше еді. Құрама деуіне қарағанда, небір ұлт пен ұлыстан тұратын жұрт болар деп топшылаймын қазір.
Мемлекет тарапынан мейірім көрмеген әкемнің медалінің өзі шешемнің атында еді. Медальдің тарихы бір хикая:
Тұрушы еді бір медаль төрде ілінген,
Сұрамаппын ол жайлы көргеніммен.
Есейген соң тарихын естіп-білдім,
Қымбат екен ол неше орденіңнен.

Облыстан келеді өкіл бүгін,
Ел жиналды кезінде екіндінің.
Отыз бес жыл бұрынғы жиналыста
Бірге әкеммен отырған секілдімін.

«Бұл кісінің еңбегін жұрт біледі
Газетке де мақталып шықты…» деді.
Хатшы жолдас ар жағын жұтып қойды,
Өйткені әкем кешегі тұтқын еді!
Ұсынамыз медальге қай озатты,
Ұмытпайық бірақ та сая­сатты –
Деген кезде басқарма көп ойланбай,
«ов» орнына «ованы» қоясапты.

Сөйтіп, әке медалін шешем алған,
Кім сенеді бұл жайға кеше болған.
Рахат көрмей өмірден ол да көшті,
Рас екен жалғанды десе жалған.

Бұлжытпады бұйырса нені үкімет,
Ат мінгізген жоқ оған ел үкілеп.
Менің әкем өмірден өтті арманда
Медалін де айта алмай менікі деп!
Жаны жәннатта болғыр жарықтық «Медалі – менікі, ал кенжесі – кемпірдікі» деп қалжыңдап отырушы еді.
***
Бір күні үйге бейтаныс кісі келді. Бас киімін шешкенде байқадым – жарты шекесі жоқтың қасы және ол сәбидің еңбегіндей былқылдап тұрады екен. Әкем бірден есікті іштен жауып, ешкімді кіргізбеңдер деді. Екеуі ұзақ әңгімелесіп, ертесіне жұмбақ адам аттанып кетті. Аң-таң күйде біз қалдық. Кейін белгілі болғандай, әлгі кісі әкемнің қаруласы екен. Майданда жараланып ес-түссіз жатқанда, әкем қоршаудан арқалап алып шығыпты!
Әкем қызық көрген жоқ тірісінде,
Әкетердей біреулер түн ішінде –
Өмір бойы тұтқында өмір сүрді,
Кетті талай айтылмай сыр ішінде!
Мемлекет басына Горбачев келіп, қайта құру мен жариялылық басталғанда, әкем бір рет өз есімін ақтауға талпынған еді. Сонда «Тыныш отыр. Сен болсаң асарыңды асап, жасарыңды жасадың, мына балаларға зияның тиеді!» деп анам тыйып тастаған.
Әкем сол бойы Кеңестер Одағының келмеске кетіп, Қазақ елінің тәуелсіздік алғанын көрген жоқ. Бірақ есімі ел есінде қалды. Қазір Айдарлы ауылының орталық паркінде Отан қорғаушылар монументі бой көтерген. Онда осы ауылдан қан майданға аттанған жауынгерлердің аттары алтын әріптермен жазылған. Сол ескерткіште менің әкем Әбдірей Смайыловтың да есімі бар. Суреті мектеп төрінде ілулі тұр. Жас ұрпақ жыл сайын Жеңіс күні тағзым етеді.
…Мен сенің ақталғаныңды көрдім. Әділет бар екен, Әке!

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ,
ақын, «Дарын» мемлекеттік

сыйлығының лауреат

«Астана ақшамы» газеті