Жұмысқа кіріскен соң 12 сағат бойы су ішуге, таза аумаққа шығуға құқығымыз жоқ – реаниматолог

0
0
Фото ашық көздерден алынды

Елорда Инфо тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Инфекциялық орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Әсел Есалиевамен сұхбат құрды.

– Әсел Асенбайқызы, реаниматология туралы, күнделікті жұмыстарыңыз жайлы айтып өтіңізші. Өзіңіздің бұл салада жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Мен 10 жылдан бері анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып қызмет етіп жүрмін. Біздің жұмысымыз пандемия пайда болмай тұрып та аса жеңіл болмаған. Әрине, қазіргі уақытта тіптен қиын. Өйткені бұл вирустық инфекциядан дәрігерлер мен орта және кіші медициналық персонал да ауырып қалуы мүмкін. Қорғаныш костюмдарын киіп жүру де ауыр. Біз бұған дейін әдеттегі медициналық еркін формасымен жүріп үйреніп қалдық. Қорғаныш костюммен ыстықтап, терлейсің, көзәйнек те буланып кетеді.

Жұмыс кестеміз – 24 сағат. Бригадамен 12 сағаттан бөліп аламыз. Өйткені біз де бір уақ демалып, тамақтанып, яғни күш жинақтауымыз керек қой. Жансақтау бөлімінде болған кезімізде таза аумаққа шығуға, су немесе шай ішуге, әжетханаға баруға құқығымыз жоқ. Яғни ондай жеке жұмыстың бәрін жансақтау бөліміне кіргенге дейін істеу керек.

– Қазіргі уақытта елордадағы инфекциялық аурухананың жансақтау бөлімінде қанша адам жатыр? Олардың жағдайы қалай?

– Бүгінде жансақтау бөлімінде бос орын бола бермейді. Палатаға шығарылған науқастың орнына басқа адам келіп түседі.

Кейде бөлімшеден гемодиализге келіп түсетін науқастар болады. Сол сияқты бүйрек терапиясын жүргізуді қажет ететін КВИ жұқтырған пациенттер де бар.

– Науқастар қандай жағдайда келіп түседі? Шамамен қанша күн жатады?

– Жансақтау бөліміндегі науқастардың жағдайы әрдайым ауыр болады. Онда жайдан-жай жатпайды. Тек бір ғана айырмашылық – тұрақты ауыр немесе өте ауыр.

Науқастардың жағдайын сырттай бағалау қиын. Сондықтан кеуде талшықтарын КТ-ға түсіру керек. Өйткені пациенттің жағдайы сырттай тұрақты көрінгенмен, өкпесі өте нашар жағдайда болуы мүмкін. Сол себепті де ондай науқасты жансақтау бөліміне жасанды өкпе желдеткіш аппаратына таңып ауыстырады. Яғни пациенттер естерін біліп жатады, бірақ бетперде арқылы тыныс алу аппаратымен демалады.

– Жансақтау бөліміне түспеу үшін пациенттер алдын ала нені ескеруі керек? Қандай сақтық шараларын жасауы керек?

– Бастысы дәрігерлердің нұсқаулығын орындап, карантиндік шараларды сақтап, өз бетінше емделмеу керек. Дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерді қойып, көпшілік ортадағы адамдармен байланыспаған жөн. Осылай жасаған кезде ауырмауға болады. Барлығы ең алдымен адамдардың жауапкершілігіне байланысты. Бұл нұсқаулықтар жалпы, ауырмау үшін қажет. Ал реанимацияға адамдар денсаулығы нашарлаған кезде түседі.

– Наурыз-сәуір айларымен салыстырғанда жансақтау бөліміне түскендер саны, ондағы өлім саны азайды ма? Жағдай тұрақталды ма? Реанимацияға түскен адамның көбі қайтыс болып жатыр деген ақпарат қаншалыкты рас?

– Наурыз-сәуір айлары туралы айта алмаймын. Бұл кезде КВИ жұқтырғандармен жұмыс істеген жоқпын. Алайда мамыр айынан бері науқастардың жағдайы ауырлай түсті. Егер басында негізінен көптеген патологиялық аурулары бар үлкен адамдар ауырса, қазіргі уақытта жағдайы ауыр жастар да жетерлік. Өкінішке қарай өкпелері қабынғандардың көпшілігі және түрлі патологиялық аурулары бар науқастар қайтыс болып жатыр. Дегенмен емделіп, бөлімшеге ауыстырылып жатқандары да бар.

– Қорғаныш костюмі, өкпені жасанды желдету аппараттары жеткілікті ме?

– Қорғаныш костюмдер мен өкпені жасанды желдету аппараттары жеткілікті.

– Егер таңдау мүмкіндігі болса, реанимацияда жұмыс істер ме едіңіз, әлде ауруханадағы басқа бөлімшеге ауысар ма едіңіз?

– Реаниматолог дәрігер болып жұмыс істеуге о баста мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Бұл – менің таңдауым. Әрине, кейде қатты шаршағанда кеткің келеді. Бірақ егер біз кетіп қалсақ, мұнда кім істейді?! Оның үстіне реаниматолог дәрігер болу қызықтырақ. Өзіндік оңды жақтары да бар. Әсіресе, науқастар бөлімшеге ауыстырылған кезде қуанасың. Өзіңнің бекерге жұмыс істеп жүрмегеніңді сезінесің.

– Кви басталғалы осы мамандықты таңдағаныңызга өкінбедіңіз бе? Қорқыныш бар ма?

– Әрине, реаниматолог болып жұмыс істеу ауыр. Кейде тыныштылау, КВИ-ге қатысы жоқ жұмыс тауып алғың келеді. Кейде жанып кетесің, ұйқың қанбайды, аптаның қай күні екенін ұмытып қаласың. Коронавирус инфекциясы басталғалы бері жұмысымыз тіптен қиындады. Қорғаныш костюммен өте ыстық. Шылқылдап терлейсің. Терлейтінің соншалықты, тіпті киімді сығуға болады. Оның үстіне, бір жұтым су ішуге болмайды. Өйткені іште болған кезде тыйым салынады. Вирус жұқтыру қаупі бар болғандықтан, жақындарыңмен кездесе алмайсың. Қорқыныштысы сол, ауырып қалуың мүмкін. Науқастарды емдеп, өз өмірлерін құрбан еткен дәрігерлер де бар ғой.  Науқастардан айырылып қалу өте ауыр, жақындарынан айырылған адамдарға обал. Алайда өкініп отыратын уақыт жоқ. Жұмыс істеп, науқастарды емдеу керек. Қол қусырып отыратын кез емес. Бәрімізге жұдырық болып жұмылып, шыдамды болу қажет. Ол үшін жұртшылық та карантиндік шараларды ұстанып, санитарлық талаптарды қатаң сақтаса, бізге көрсеткен үлкен көмек болар еді.

– Сұхбатыңызға рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!