Темір адам: Шегедей мықты болайық

0
0
Фото: Тиумр Спатаев/Instagram

7 мамыр Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күніне орай Елорда Инфо тілшісі бейбіт күннің батыры, Қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстанның 5 дүркін рекордшысы, ҚР Қарулы күштерінің жігіт сұлтаны, ҚР ҚК әскери потриоттық ән жеңімпазы, Бауыржан Момышұлының “Намыс” төсбелгісінің иегері, запастағы капитан Тимур Спатаевпен сұхбат құрды.

– Тимур мырза, сіз екінің бірінің қолынан келмейтін істерді жасап жүрсіз. Мысалы, тіспен жүк көлігін сүйрейсіз, шегені жалаң қолмен майыстырып, ою-өрнек жасайсыз, грелканы шар үрлегендей үрлейсіз. Осының бәрін қайдан немесе кімнен үйрендіңіз? Бұған қалай келдіңіз? Қандай да бір әдістемесі бар ма?

– Менің жасап жүргендерім кейбір адамға таңсық болып көрінуі мүмкін. Ал мен үшін ол үйреншікті жағдай. Өйткені 25 жылдан бері спортпен үзбей жаттығып келемін. Бала күнімнен мықты болсам деп армандайтынмын. Соған орай Алла маған күш-қуат берді. Екіншіден, өзімнің еңбегім. Таңның атысынан кештің батысына дейін түрлі жаттығу жасаймын, көп еңбектенемін. Кейде түн ішінде де жаттығамын. Түрлі ой келеді санама. Сіз айтып отырған шегені жалаң қолмен майыстыру, тіспен көлікті сүйретудің бәрі көп дайындықпен келеді. Мысалы, бірден барып ауыр техниканы тіспен тарта салған жоқпын. Күнделікті ауыз қуысыма, тістерімнің айналасына резіңке салып, сонымен біраз жүремін. Арнайы спорт залдарға барамын. Қазіргі таңда өз-өзіме бапкермін. Осының өзіне екі жылдай уақыт кетті. Иә, Алла маған күш-қуат берді, бірақ арман-мақсатыңды жүзеге асыру әрі қарай адамның өзіне байланысты. Ал мен алдыма мақсат қойсам, соны қалай да іске асыруға талпынамын.

– «Күш атасын танымас» демекші, сіздің күшіңіз қандай бірлікпен есептеледі? Яғни бойыңызда бір аттың күші бар ма? Одан көп пе?

– Оны өлшеп көрмеппін. Дегенмен ауыр көліктерді орнынан қозғап, батып қалған кезде көлікті көтерген, екі жақ қапталға бір топ жігітті тұрғызып, арқан тартысқан сияқты басқа да нөмірлер болды. Жалпы, мен сондаймын деп айта алмаймын, оның бағасын халық береді ғой. Дейтұрғанмен көпшілік тарапынан «сіз мықтысыз, күшіңіз көп» деп айтылып жатады. Мүмкін бойымда аттың күші бар да шығар. Бірақ егер де менің майыстырып жүрген шегелерімді алюминий, көтеріп жүрген ауыр темірлерімнің салмағы жеңілдеу деп ойлайтындар болса, маған келулеріне болады. Мықтымын деген азаматтарды қабылдаймын. Олармен күш сынасайық, бірге темірлерді майыстырайық.

– Күш сынасқысы келетін азаматтар болды ма?

– Өте көп. Менің жасағандарымды қайталауға әрекет жасайтындар да жетерлік. Инстаграм, ватсап желілерін кейде қарауға уақыт болмай қалады. Желілерден көптеген видео келіп жатады. Мысалы, жақында мен желіге автобусты тіспен сүйреткен видеоны жүктеп едім, ертесінде бір орыс ұлтының баласы тіспен газельді сүйреген видеосын жіберіпті. Ауыр тас көтеріп, темір майыстырған нөмірлерімді қайталап жатқан ересек адамдар да бар. Әсіресе жастар жағы басым.

– Медициналық тексеруден жиі өтіп тұрасыз ба? Өте ауыр темірлерді көтеру бұлшык етке қалай әсер етеді? Зияны тимей ме? Мысалы, жүк көлігін тіспен сүйреген соң стоматологқа қараласыз ба?

– Шынымды айтсам, мен өз-өзімді тексеріп отырамын. Дұрыс тамақтану дәстүрін ұстанамын. Өз күшімді бақылап отырамын. Егер жүрегім қаламаса, жасамаймын. Жалпы, медициналық көмекке көп жүгіне бермеймін. Дегенмен жақында ғана запастағы әскери ретінде осы жұмысқа келгенде тексерістен өттік. Шүкір, денсаулығым жақсы.

– Қол күрестен Қазақстан және Азия чемпионысыз. Басқа елдердегі қандай алыптарды жеңдіңіз? Ұтылып көрдіңіз бе?

– Спорт ұтыстар мен ұтылыстардан тұрады ғой. «Кейде өсесің, кейде өшесің» дегендей, өмірдің өзі де солай. Әлем аренасында өзінің мықтылығын дәлелдеп жүрген әйгілі Майк Тайсон да бірнеше мәрте жеңіліс тапты. Сол сияқты көк туымызды желбіретіп жүрген Геннадий Головкин бауырымыз да жеңіліске ұшырады. Спортта кез келген адам қарсыласын жеңемін деп келеді, жеңілемін деп келмейді. Сол сияқты менің де жеңілген кездерім болды, жеңістерім де аз емес. 2012 жылы Иранда болған жарыс ерекше есімде қалды. Онда әзірбайжандық алыппен күш сынастық. Сонда оң қолмен жеңіліп, сол қолмен жеңіп, І орынға ие болғанмын. Содан кейін онымен дос болып, кейіннен араласып тұрдық. Сол жарыста маған халықтың қошеметі күш берді. Жалпы, жүрегіме үңіліп қарасам, халық қолпаштаған кезде мен кез келген ісімді жақсы жүзеге асырамын. Егер халықтан қолдау болмаса, біртүрлі қорашсынып тұрамын. Бәлкім, өзім де жүрегімді сондайға үйретіп тастаған шығармын. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, қолпаштап, абыройымызды асырып жүрсек, әр қазақтың баласы жеңістің туын жықпайды деп ойлаймын.

Фото интернеттен алынды

– Қарулы күштер қатарында қанша жыл еңбек еттіңіз? Қазір қандай қызметтесіз? Жалпы, көпшілік алдында қойылым, өнер көрсету, шоу жасау сіз үшін хобби ме? Әлде табыс көзі ме?

– 2018 жылы Қарулы күштеріндегі жұмысымды тоқтаттым. Десе де «Ерлік – елдіктің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, ер жігіт қайда жүрсе де елін, жерін қорғауға дайын болады. Жүрегінің түгі бар патриот азамат мейлі ол шетелде жүрсе де, елі үшін ештеңеден аянбайды. Шетел демекші, жақында Францияға болғанымызда Мұстафа Шоқай атамыздың басына барып, Құран бағыштап, оның өмірбаянын зерттеп көрдік. Сол кезде оның нағыз патриот болғанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ол кісі Францияда, Германияда, Италияда жүрсе де, «елім, жерім, Отаным» деп өмір сүрген қайсар азамат екен ғой. Сол сияқты біздің ойымызда да, бойымызда да, ісімізде де сол әрекет бар.

Фото: Тиумр Спатаев/Instagram

Қарулы күштердің сапында жүргенімде де осы спортты алып жүрдім. Онда да ойымда тек Отанымды, елімді, жерімді қорғау, өзімді тәрбиелеу болды. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, «қайтсек мықты боламыз, өзімізді жеңеміз, қайтсек өтірік айтпай, шыншыл болып таза жүреміз» деп мінезімізді тәрбиеледік. Соның арқасында мінезімізді қалыптастырып, ерте тұрып, жалқаулықты жеңіп, Құдайдың қалауымен біраз жетістікке де жеттік. Сортпен шыңдалып, біліммен нұрланған әр азамат міндетті түрде жетістікке жетеді деп сенемін. Менің өз басым саясатқа араласып я болмаса ғылым-білім саласында жүрмесем де, өзіме қажетті ілімді бойымызға сіңірдік деп ойлаймын. Бірақ біздің білмейтін дүниелеріміз әлі де көп.

Ал өнер көрсету туралы айтар болсақ, бұл – мен үшін тек хобби. Өзімнің айналысатын жұмысым бар. Реті болғанда көпшілікке белгілі Сергей Цырульников екеуміз халықтың алдына шығып, өнерімізді көрсетіп тұрамыз. Бірақ тойларға шығып, табыс табу ойымда жоқ. Дегенмен кейде батыр азаматтар шақырып тұрады. Мектептер мен университеттерге де барып тұрамын.

– Сіздің өнеріңізді бағалайтындар тарапынан қандай ерекше ұсыныстар түсті? Киноға, клипке, жарнамаға түсуге шақыртулар болды ма? Түстіңіз бе?

– Бұрнағы күндері ғана жаңа бейнебаян шығып, қуанып отырмыз. Ибрагим Ескендір бауырымыз екеуміз «Менің Қазақстаным» деген патриоттық-рухты әннің клипіне түстік. Жақында телеарнадан көрсеңіздер болады. 2018 жылы Бақтияр Артаев екеуміз «Реалити-шоу Номад» деген киноға түстік. Онда шетелдерден мықты спортшы, актер, зиялы қауым өкілдері келді. Жалпы, ондай шақыртулар болып тұрады. Уақыттың ыңғайына қарай ондай шараларға барып, қатысып тұруға тырысамыз. Алдағы уақытта өзіміздің де бірқатар жобамыз бар. Жүзеге асырамыз деп үміттенеміз.

Фото: Тиумр Спатаев/Instagram

– Рекордтарыңыз жайлы айтыңызшы. Сіздің рекордтарыңызды қайталаған қазақстандықтар болды ма? Сергей екеуіңізден басқа осы саланың жілігін шағып, майын ішіп жүрген кімдер бар? Өкшелеріңізді басып келе жатқан қазақ бауырларыңыз туралы айта кетсеңіз.  

– Мен әркез «Қазақтың әр жігіті – батыр» деп айтып жүремін. Кезіндегі Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыз, одан бергі Бауыржан Момышұлы батырымыз бар, кейінгі Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымыз бар, олардың бәрі – қаһарлы, айбынды батырлар. Осы тұлғаларды пір тұтып, оларды көбірек насихаттап, сол кісілердің ізімен жүрсек, әр қазақ баласы батыр боламыз. Ал біздің соңымыздан еріп келе жатқан небір батыр бауырларымыз көп. Олардың бірі тай көтерген, енді бірі өгізше көтерген видеосын жолдап жатады. Алайда кейбіріне жауап берсем, тағы біріне жауап беруге мүмкіндік болмай қалады. Жалындап өсіп келе жатқан інілерімізге уақыттың тығыздығына байланысты тиісті деңгейде көңіл бөле алмай жүрсем, кешірім өтінемін. Рекордтар туралы айтатын болсақ, әр жасағаным өзім үшін рекорд деп ойлаймын. Өйткені өз өміріме қауіп төнсе де, кейбір трюкті тәуекелге бел буып жасаймын. Әрине, денсаулыққа да зияны тиетін шығар. Бірақ қазақы намыс мені алға жетелейді. Ал жаттығуларды мен фитнес клубтарда емес, үйде және табиғат аясында жасаймын. Фитнес клубтарға тек тәжірибе алмасу үшін барамын. Алда әлі талай рекорд жасаймын деп ойлаймын. Соған дайындалып та жүрмін. Жалпы, әр жігіт рекордшы, мықты спортшы бола алады. Ол үшін мақсат қойып, соның жолында аянбай еңбек ету керек. Көп адамның ісінің алға баспайтынының бірден-бір себебі – жалқаулық. Содан соң спортпен айналыспағандықтан да, талай адам ауруға шалдығып жатады.

Фото интернеттен алынды

– Шетелдерде де өнер көрсетіп тұрасыз ба? Өзбекстанға барғаныңызда сізді «Әмір Темір» деп атаған екен. Сол сапарыңыз туралы айтып беріңізші.

– Мен бұрын рекордшы боламын, шетелдерге шығамын, халықтың қошеметіне бөленемін деп ойлаған жоқпын. Менің мақсатым – өз-өзімді жаттықтыру, мықтылыққа баулу болды. Ал алғашқы рет шетелге шығуым Тюмень қаласынан басталды. Онда барғанымда сол жердің қазақтары бізді құшақ жая қарсы алды. Жалпы, ер жігіт шетелге шыққанда ысылады екен. Оның үстіне, менің біраз мақтауымды асырып, «Қажымұқанның бүгінгі ізбасары» деп таныстырды. Сонда менде бір ғана ой болды, ол – қазақ жігіттерінің мықты екенін көрсету, дәлелдеу. Өзімді бәйге аттарша еркін ұстадым. Басымда қара тымақ, ыстықтағаныма қарамастан 40 минуттай бірнеше нөмірді қойып, өнерімді паш еттім. Трюктерім бұрынғыдан да жоғары деңгейде шықты. Одан кейін қол күреске қатысып, І орынды жеңіп алдым. Содан соң татарлар күресінде бағымды сынап, одан ІІ орынды еншіледім. Бірінші орын сол жердің қазағы, батыр бауырымызға бұйырды. Былтыр Өзбекстанның Қоқан деген қаласына бардық. Сол жерде менің қылышымды көрген жұрт «бұл қай жақтан?» деп сұрапты. Тимур дегенге ұлтымды да білмесе керек. Сондағы бір үлкен кісі: «Ол Әмір Темірдің ұрпағы» деп таныстырған соң халық мені «Әмір Темір» деп атап кетті. Содан бірнеше күн ұйқымыз да шала болды. Шараны тамашалауға сол елдің президенті қатысады деген соң ертерек тамақтанбастан бардық. Бірақ онда ешкім сенің ұйқыңның қанбағанына, тамақтанбағаныңа қарамайды. Кезегім келгенде сахнаға шығып, 72 елден келген көрерменнің алдында өзімнің мықты деген нөмірлерімді қойдым. Өнер көрсетіп болған соң бірден кетіп қалсам, жүргізуші жігіт келіп, халықтың мені шақырып жатқанын айтты. Содан сахнаға қайта шықсам, көрермен қауым орнынан тұрып, менің өнеріме зор қошемет көрсетті. Қолыма көк туымыз ұсынылып, байрағымызды желбіреттім. Сол сәт ерекше есімде қалды. Спорттың арқасында талай жерге барып жүрміз. Одан кейін Франциядағы қазақ диаспорасы мен сол елдегі елшіліктің шақыртуымен Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы сынды бір топ ақын, зиялы қауым өкілдерімен бірге екі аптаға Парижге бардық. Ондағы әр күніміз таңнан кешке дейін қызыққа толы болды. Жай қыдырып барған жоқпыз, деректі фильмге түстік. Көп жерін араладық. Мәнді де мағыналы сапар болды. Ол жақтан кейін Германияның бірнеше қаласына сапар шегіп, қайтар жолда Варшаваға соқтық. Өз еліміздің ішінде де талай жерді аралап жүрміз. Жалпы, инстаграмдағы желі қолданушыларын қайда барғанымыздан хабардар етіп отырамыз.

Фото: Тиумр Спатаев/Instagram

– Сіздің ойыңызша, адам батыр болып туа ма, әлде батырлық жүре қалыптаса ма, немесе қанмен дари ма?

– Адамның бәрі бірдей болып туады деп ойлаймын. Құдай екі көз, қос құлақ, бас беріп, бәрін бірдей етіп жаратады ғой. Ал батырлық өсе келе өзін-өзі тәрбиелеу арқылы жүре қалыптасады деп түсінемін. «Ер жігіт жанын Аллаға тапсырады, жүрегін халқына береді, намысын ешкімге бермейді» дегендей, жігіттің бойында намыс болса, екі сөйлемесе, білімді, иманды болса, халқына қамқор болса, сол батырлық деп ойлаймын.

– Отансүйгіш, батыр болу үшін жастарға қандай кеңес бересіз? Оларды немен айналысуға шақырасыз?

– Әрине, мықты жастарымыз аз емес. Бірақ өкінішке қарай қазіргі таңда бірдеңені қүтіп немесе әкімдікке, үкіметке үміт артып, уақытты құр босқа кетіріп жататындар бар. Содан соң олардың уақыты көбіне әлеуметтік желіде, телефонға телмірумен өтіп жатыр. Жоқтан өзге вайндарды қарайтындарға қарным ашады. Кейбіреудің не спортқа, не өнерге, не білімге құлқы жоқ, имандылыққа бет бұруға да асықпайды. Олай дұрыс емес. Сондықтан жастар жалқаулықтан, еріншектіктен ада болса екен деймін. Кітапты көбірек оқып, мидың жұмысын дамыту керек. Қазақ жастарын мықты, рухты, батыр болуға шақырамын. Ол үшін дұрыс тамақтанып, тынбай ізденіп, аянбай еңбектену қажет.

– Сіз уақытты өзіңіз қалай тиімді пайдаланасыз?

– «Ерте тұрған ерлердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, ерте тұрамын. Әрине, сағат 9-10-ға дейін ұйықтауға менің де желкемнен тартып тұрады. Бірақ мен соны жеңуге талпынамын. Уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Балаларыма, іні-қарындастарыма қамқорлық көрсетуге уақыт бөлемін.

– Сіз әскери салада қызмет еттіңіз. Бүгінде запастағы капитансыз. Президенттің Жарлығымен Аумақтық құрылым бригадасына өз еркіңізбен барып, қазір елдегі төтенше жағдай уақытында елорданың тұрғын үйлеріне дезинфекция жасап жүр екенсіздер. Осы дезинфекция жұмыстары туралы қысқаша айтып өтіңізші, қанша үйге зарарсыздандыру жүргіздіңіздер?

– Әскери міндеттілерді шақырту бойынша Президенттің Жарлығы шықты ғой. Бірақ мен ондай Жарлық болмаса да, осындай қиын-қыстау кезде, жалпы халыққа көмек көрсетуге қай кезде де дайынмын. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында әскери міндеттілер 3 топқа бөлініп қызмет етіп жүрміз. Олардың бір тобы орталық штабта болса, тағы бір тобы қала сыртындағы 7 блок бекетте. Ал үшінші тобы тұрғын үйлерге дезинфекция жүгіземіз. Сарыарқа және Есіл аудандарының тұрғын үйлерін деинфекци жасауға арналған 35 адамнан тұратын жасақтың басшысымын. Қасымызда елімізге белгілі әнші Ибрагим Ескендір, сол сияқты әлемді, Азияны ұтып жүрген небір спортшылар бар. Айбек, Арслан, Әнуар, Ерлан сынды кіл мықты бауырларымызбен бірге жұмыс істеп жүрміз. Айта кету керек, Айдос деген 5 баласы бар жігіт те ақшаға, ештеңеге қарамай халық үшін таңнан кешке дейін 25 келіні арқасына асып алып, тынбай еңбектеніп жүр. Күнделікті тұрғын үйлердің 50-60 кіре берісін зарарсыздандырамыз. Бәріміз осы жұмысқа өз еркімізбен келдік. Осындай жалынды жастардың ортасында жүргеніме қуаныштымын. Нағыз патриот жігіттердің бар екеніне көзім жетті. Оларға алғысым шексіз.

Фото: Тиумр Спатаев/Instagram

– Сіз қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарының бірісіз. Спорттан бөлек ақындық, әншілік өнеріңіз де бар екен…

– Иә, бала кезден өнерге де әуеспіз. Анам да, бауырларым да әнші. Әкеміз балуан. Батырлық пен ақындық қанымызда бар. Қарулы күштердің сапында жүргенде әскерилер арасында ән байқауларына қатысып, жүлделі болған кездеріміз де болды.

– Отбасыңыз туралы аз-кем айтып өтсеңіз.

– Спортшылар отбасымыз. Жарым да спортшы. Бір ұл, бір қызымыз бар. Ұлым 8 жаста, қызым 9 мамырда 6-ға толады. Балаларым да спортқа әуес. Қазір вирустан қорғану үшін уақытша бөлек тұрып жатырмыз. Өйткені біз күнделікті алдыңғы шепте жұмыс істейміз. Отбасымен күнделікті кешкілік сөйлесіп отырамыз.

– Жұртшылыққа қандай тілек айтасыз?

– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Індеттен аман-есен өтіп, ағайынмен бұрынғыдай құшақтасып қауышатын күнге тезірек жетуге жазсын. Ол үшін мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қалалық әкідіктен де зор қолдау бар. Қайырымды жандар тарапынан да мұқтаж отбасыларға қаржылай, тамақ түрінде де көмек көрсетіліп жатыр. Қазақтың әр жігіті – батыр. Екі жүздік екі шегені бір-біріне байлап жасаған, отбасының береке-бірлігінің мықтылығын білдіретін мына тұмарымды қабыл алыңыз. «Шеге тағаны ұстайды, таға тұяқты ұстайды, тұяқ атты ұстайды, ат ер тоқымды ұстайды, ер тоқым ер жігітті ұстайды, ал ер жігіт елді ұстайды!» дейді. Сондықтан шегедей мықты болайық!

– Сұхбатыңызға рақмет!