Елорда балабақшаларында кезекші топтар жұмыс істейтін болады

0
0
Фото: Білім басқармасынан

Баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ, жұмыс істейтін ата-аналар үшін және ата-аналардың қалауы бойынша балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Елорда Инфо Білім басқармасына сілтеме жасап.

«Құрметті ата-аналар! WhatsApp желісі арқылы балабақшалар тарапынан балаларды қабылдауға қатысты ақпараттар таратылуда. Осыған байланысты қазіргі уақытта әзірге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ, жұмыс істейтін ата-аналар үшін және ата-аналардың қалауы бойынша «кезекші топ» режимінде жүргізіледі», – делінген хабарламада.

Балаларды қабылдау Денсаулық сақтау министрлігінің Қаулысына, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына қабылдау алгоритміне сәйкес жүзеге асырылады. Балабақшаларды ашу үшін Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық және дезинфекциялық шараларды күшейтуді көздейтін алгоритм әзірлеуде.

Ата-ананың өтініші негізінде жазғы сауықтыру кезеңінде баланың балабақшадағы орны сақталатын болады. Бұл ережелер барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарына, оның ішінде мемлекеттік дотациямен жұмыс істейтін жекеменшік балабақшаларға да қолданылады.

«ҚР ДСМ Қаулыны бекіткеннен кейін мектепке дейінгі ұйымдардың қай уақыттан бастап жұмыс істейтінін және ата-аналарға нұсқаулықты қосымша хабарлайтын боламыз», – делінген аталған ақпаратта.