Борышкерлер атқарушылық іс жүргізудің қозғалуы туралы ақпаратты SMS-хабарлама арқылы алатын болады

0
0
фото Susanin.news

Енді борышкер ұялы телефон нөміріне атқарушылық іс жүргізудің қозғалуы туралы, онда қолданылатын шектеу шаралары туралы және іс бойынша басқа да мәліметтерді алатын болады, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 27 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заң атқарушылық іс жүргізу тараптарын хабардар ету институтын жетілдіреді. Ұялы телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберу арқылы азаматтарды электрондық хабардар етуге көшу бойынша норма енгізілді.

SMS-хабарлауды пайдаланудың негізгі артықшылығы ұялы телефон нөміріне атқарушылық іс жүргізудің қозғалғаны туралы, онда қолданылатын шектеу шаралары туралы және іс бойынша басқа да мәліметтерді жедел және уақтылы алу болып табылады.

Сонымен қатар, бұл сервис борышкерлердің қаражатын үнемдейді. Мысалы, егер бір тапсырысты хат құны-350 теңге болса, смс арқылы осындай хабарлама шамамен 20 теңге болады. Заңға сәйкес оның құны шығыстарға есептеледі және борышкерден өндіріліп алынады.

Бұл ретте пошта байланысы арқылы хабарлау мүмкіндігі толық жоққа шығарылмайды. Мысалы СМС-хабарлама арқылы хабарлау мүмкін болмаған жағдайда ғана, сот орындаушысы әдеттегі хабарламасы бар пошта байланысын қолданатын болады.

Заң алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң 2020 жылғы 8 шілдеде күшіне енді.