Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрінің м.а. Юрий Ильинді қабылдады, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Президентке төтенше жағдай кезінде ТЖМ бөлімшелері өздеріне жүктелген міндеттерін орындағаны жөнінде баяндалды.
Министр м.а. мемлекеттік мекемелер мен бизнес-субъектілер ғимараттарының кең көлемде өртенуіне заңға қарсы әрекеттер себеп болғанын жеткізді.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде ТЖМ-ның 10 қызметкері түрлі жарақат алған, соның ішінде бір қызметкерге оқ тиіп жараланған.
Шабуылдардың салдарынан өрт және құтқару қызметінің 29 техникасы зақымданған, оның ішінде 5 автоцистерна толығымен өртеніп кеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев жүктелген міндеттерді әрі қарай атқара беруге және хабарлама жіберу жүйесі арқылы тұрғындарға уақытылы ақпарат беріп отыру қажет екеніне баса мән берді.