Абайдың «Қара сөздері» өзбек тіліне аударылды

0
184
фото 24.kz
Абайдың «Қара сөздері» өзбек тілінде басылып шықты. Ғұламаның 175 жылдығына орай Ташкентте төл туындының тұсаукесері өтті. Өзбекстандық оқырманға жол тартқан ақынның нақыл сөздері Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мен Халықаралық түркі академиясының қолдауымен жарық көрген. Бұл туралы Елорда Инфо Хабар 24-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлы ойшылдың өнегелі өсиетін өзбекшеге аударған – педагогика ғылымдарының докторы Қозоқбай Йулдошев.
«Ұрпаққа ғибрат болсын» деп жазған Абай Құнанбайұлының еңбегін аудармашы жарты жыл бойы тәржімалаған екен. Ал елші Дархан Сатыбалды «тәрбиелік мәні зор бұл туынды бауырлас екі елдің мәдени һәм рухани қарым-қатынасын одан әрі нығайтады» деп есептейді.
«Шамасы 80 жыл бұрын өзбек ақыны Насыл Фазылов Абайдың «Қара сөздерін» өзбек тіліне аударған болатын. Онда араб және парсы сөздері көп кездескен. Бірақ бүгінгі таңда аудамашы Қозоқбай Иулдошев жаңа форматта, қазақ пен өзбек тілдерін ұштастырып, жақындастырып аударып отыр», дейді Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің кеңесшісі Руслан Дүйсенов.
Қозоқбай Йулдошев, педагогика ғылымдарының докторы, аудармашы:
– Абайдың тұщымды пікірлері, салиқалы ойлары, ұрпаққа қалдырған әрбір сөзі сүйектен өтеді. Мейлі қазақ, мейлі өзбек, мейлі орыс болсын – ұлы ақынның өсиет-аманаты бәрімізге де керек. Сол себепті біз ғұламаның «Қара сөздерін» өзбек тіліне аударып отырмыз. Негізі Абай Құнанбайұлының бұл еңбегіндегі философиялық ойларын өзбекше жеткізу қиын болды. Дегенмен біз мейлінше түсінікті етіп тәржімалауға тырыстық.