Үстел теннисінен ТТС «Astana» клубы Ресей чемпионатына қатысуы мүмкін

0
133

Үстел теннисінен қазақстандық ТТС «Astana» мен «TT Club Karaganda» клубтары Ресей чемпионатының лигасына қатысуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан үстел теннисі федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

2020 жылдың 1 қазанында Ресей үстел теннисі федерациясы (РҮТФ) Директоратының отырысы өтеді. Онда РҮТФ командалық чемпионатының лигалары мен топтарының құрамын, 1, 2-турдың өтетін орындары мен мерзімдерін бекіту жоспарланған.

«Жарысқа қатысушылар қатарында қазақстандық ТТС «Astana» мен «TT Club Karaganda» клубтарының ерлер және әйелдер құрамалары бар. Егер covid-19 кедергі жасамаса, онда біздің спортшылар 4-8 қараша аралығында Верхняя Пышма қаласында (Свердлов облысы) Суперлигада ойнайтын болады. TTC «Astana» клубының әйелдер құрамасы Магнитогорск қаласында (29 қазан – 1 қараша, Суперлига) ойнайды, ал «TT Club Karaganda» ойыншылары Орынборда 29 қазан-1 қараша аралығында Жоғарғы лигада өнер көрсетеді», – делінген хабарламада.