Қазақстан мен Швеция СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

0
99

Министр Мұхтар Тілеуберді Швеция Корольдігінің Сыртқы істер министрі Анна Кристен Линдемен келіссөздер жүргізді. Телефон арқылы сөйлесу Швед тарапының бастамасымен өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр әріптесін Швецияның ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалық етуімен құттықтап, қазақстандық тараптың ұйымға төрағалық ету тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Швед тарапы ЕҚЫҰ-ның болашақ іс-шараларының күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қызығушылық танытты.

Жалпы, СІМ басшылары басқа да халықаралық алаңдардағы, оның ішінде екі елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігінің тұспа-тұс келген кезеңіндегі саяси өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа Келісімді іске асыру аясында белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.

Инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі тұрғысынан министрлер екі ел бизнесінің энергетика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, денсаулық сақтау және кен өндіру саласында ынтымақтастықты жолға қоюға өзара қызығушылығының өсіп келе жатқанын атап өтті.

Тараптар, сондай-ақ, білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.