Елордада бастауыш сыныптарда оқитын 82 мың баланың жартысы кезекші сыныптарға барады – Қадырова

0
104


Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова онлайн баспасөз мәслихатында алдағы оқу жылында кезекші сыныптарға қанша бала баратыны, қанша мектеп ашылатыны жайлы түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласында 117 мектеп жұмыс істейді. Оған қоса биылғы оқу жылына 3 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр: 2 жалпы орта білім беру мектебі және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектеп. Қала бойынша оқу жылының басында мектеп оқушыларының саны 202 мыңнан асады деп болжап отырмыз. 1-сыныпқа 26 мыңнан аса бала қабылданады деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта 23 164 өтініш берілді», – дейді басқарма басшысы.

Алдағы оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатыны белгілі. Тек 1-4-сыныптар үшін ата-аналардың өтініші негізінде балалар саны 15-тен аспайтын кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады. Сабақтың ұзақтығы 40 минуттан. Әр сыныптың үзіліс уақыты әртүрлі болады.

«Қазіргі уақытта бастауыш сыныптарда 82 мыңнан астам оқушы болса, оның 50 пайызы кезекші сыныптарға өтініш білдіріп отыр. Бұл 3 002 кезекші сыныпты құрайды. Оқу процесі ҚР БҒМ әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, маскамен жүру режимін қамтамасыз ету, оқу үстелдерін 1 метр қашықтықта орналастыру, білім алушыларға жеке парта мен орындықты бекіту, әр сабақтан кейін кабинеттерді желдету, кварцтау жүзеге асырылады», – дейді Шолпан Қадырова.

Ол өз сөзінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектепке қажетті жабдықтар мен дезинфекциялық құралдар қорымен қамтамасыз етілгенін айрықша атап өтті. Олардың қатарында кіреберістегі дезинфекциялық тоннель, кілемшелер, тепловизорлар, санитайзерлер, ылғалды дезинфекциялық жинақтарды қамтамасыз етуге арналған құралдар бар.