«Астана Опера» театры желтоқсан айында өтетін концерттерді жариялады

0
159
????????????????????????????????????

Желтоқсан айында «Астана Опера» театрының Камералық залында Тұңғыш Президент күні, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні және өзге де қысқы мерекелерге орай концерттер, ересектер мен балаларға арналған қызықты да тартымды спектакльдер өтеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

1 желтоқсан сағат 17.00-де тыңдарман назарына «Астана Опера» театрының опера солистері мен оркестр әртістерінің қатысуымен «Ел тірегі – Елбасы!» мерекелік концерті ұсынылмақ. Кеш бағдарламасына Қазақстан халықтарының әндері, классик композиторлардың туындылары мен Тұңғыш Президенттің сүйікті әндері енген. А.Г.Шнитке атындағы Мәскеу мемлекеттік музыка институтының дарынды студенті Аяжан Үсенбаева аккордеон партиясын орындайды.

3 желтосқан сағат 19.00-де және 5 желтоқсан сағат 17.00-де Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-фарсы өтеді. Назды Джулия партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова орындайды, оның жас жұбайы Дорвильдің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин сомдайды. Джермано рөлінде сахна төріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов шығады. Бланзак – Евгений Чайников, Ержан Саипов, Лючилла – Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Дормонт – Рамзат Балакишиев, Руслан Совет.

«Астана Опера» камералық оркестрі, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, дирижер – Руслан Баймурзин. Қоюшы режиссер – Алла Симонишвили, сценограф және костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа. Қоюшы режиссердің ассистенттері – Еренбақ Тойкенов, Алтынғаным Ахметова. Клавесин партиясында – Елена Сахно, Жанар Ахметова.

9 желтоқсан сағат 19.00-де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері сопрано Айгүл Ниязова мен баритон Азамат Жылтыркөзов тыңдарман қауым назарына «Ғажайып сол сәт әлі есте…» музыкалық кешін ұсынбақ. Концерт – «Романс тарихы» атты жаңа топтаманың бастамасы. Бұл жанр бойынша өзіндік шолу болмақ. Топтаманың әрбір концерті тыңдарманға осынау көпқырлы жанрдың ұшы-қиыры жоқ әлемін аша түспек. Алғашқы концерт бағдарламасына доглинскинский кезеңіндегі композиторлардың және орыс ақындарының мәтініне жазылған М.И.Глинканың романстары енген. Фортепиано партиясында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев. «Forte Trio» мемлекеттік триосы – Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель), Тимур Урманчеев (фортепиано) те өз өнерлерін ортаға салмақ.

12 желтоқсан күні сағат 15.00-де Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында театрымыздың жас көрермендеріне қазақ тіліндегі «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі ұсынылады. Осы шығарма үшін музыка мен либретто авторы Тілеуғазы Бейсембек «Тәуелсіздік толғауы» VII республикалық байқауының «Балаларға арналған драмалық туынды» аталымы бойынша І жүлде иегері атанған. Киелі Самұрық құс туралы ертегіде батыл да өжет кейіпкерлер Айдар мен Айжанды, олардың адал достарын «Мәңгілік ел» мекені күтеді. Айдар мен Айжан рөлін Бақтияр Қанат пен Амири Амирова сомдайды, Әже – Гүлжанат Сапақова, Қасқыр – Бақтияр Омаров, Түлкі – Әсем Сембина, Аю – Шыңғыс Расылхан, Барыс – Рамзат Балакишиев, Көктем – Назым Сағынтай, Самұрық құс – Мәдина Исламова. Дирижер – Руслан Баймурзин. «Астана Опера» театрының оркестрі, мимансы, Алтынғаным Ахметованың жетекшілігіндегі балалар студиясы. Қоюшы режиссер Еренбақ Тойкеновтің пайымы бойынша спектакльде әсерлі бейнепроекциялар пайдаланылған.

16 желтоқсан сағат 17.00-де Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған «Елім менің аңсаған…» мерекелік концерті өтеді. Ауқымды салтанатты бағдарламада елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ең жарқын музыкалық классика шығармалары – қазақстандық композиторлардың әндері, танымал ариялар мен дуэттер, отандық және шетелдік авторлардың камералық туындылары ұсынылады.

19 желтоқсан сағат 17.00-де жарқын мейрам қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Шұғылалы Рождество» атты хор музыкасы концертімен өнер көрсетеді. Бұл кеш өнерсүйер қауымға жаңа жыл алдында керемет көңіл-күй сыйлайды, К.Сен-Санстың Солистер, хор мен оркестрге арналған Рождестволық ораториясы, op. 12 (Ноэльдің ораториясы), Б.Бриттеннің Рождестволық әндер гүлдестесі, op. 28 (Дж.Харрисонның (Boosey & Hawkes) әрлеуінде аралас хор мен арфаға арналған) орындалады.

Көркемдік жетекшісі әрі дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова. Концертке Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі филармониясының камералық оркестрі қатысады. Жеке партияларды «Астана Операның» жетекші опера солистері мен симфониялық оркестр әртістері: сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, меццо-сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, контральто – Салтанат Мұратбекова, тенор – Руслан Совет, баритон – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, арфа партиясын – Любовь Ткаченко орындайды.

22 желтоқсан сағат 19.00-де Қазақстан Композиторлар одағы отандық классик Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына «Жаса, Қазақстан!» концертін арнайды. Концертте Е.Рахмадиевтің, танымал қазақстандық композиторлар – К.Дүйсекеев, Б.Қыдырбек, соның ішінде көрнекті шебердің шәкірттері – С.Еркімбеков, С.Тұяқов, С. және Ә.Әбдінұровтар, сондай-ақ жас авторлар – Ә.Жанбаев, Ә.Қадыров, А.Тәни, Л.Жұманова және тағы басқалардың камералық және вокалдық шығармалары шырқалады. Концертке «Астана Опера» театрының опера солистері, оркестр әртістері және тағы басқа орындаушылар қатысады.

Е.Рахмадиев (1932–2013) – көрнекті композитор, ұстаз, мемлекеттік және қоғам қайраткері, КСРО және Қазақстан Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор. Сегіз жыл Мемлекеттік консерваторияны басқарды, 27 жыл Қазақстан Композиторлар одағының тұрақты төрағасы, КСРО Композиторлар одағының хатшысы, еліміздің мәдениет министрі болды. «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Абылай хан» сынды алты операның, сондай-ақ оркестрлік, вокалдық-хор, театрлық-сахналық, камералық-аспаптық шығармалардың, әндер мен романстардың авторы.

29 желтоқсан сағат 19:00-де «Квартеттер кеші» концерті өтеді. Камералық залдың сахнасында алғаш рет құрамына танымал аспапшылар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов (скрипка), Еркебұлан Сапарбаев (скрипка), Дархан Сәдуақасов (альт), Ермек Құрманаев (виолончель) енген Kazakh Quartet өнер көрсетеді. Музыканттар камералық музыка жауһарлары – Д.Шостаковичтің № 4 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор, op. 83 және №10 ішекті аспаптар квартеті, ля-бемоль мажор, op.118 орындайды. Кеш аясында танымал пианист Арман Тілеубергеновтың қатысуымен қазақстандық композитор Артық Тоқсанбаевтың Фортепианоға арналған квинтетінің әлемдік пермьерасы орын алмақ.