Қазақстандағы мүгедек адамдарға жаңа кресло-арбалар беріле бастады

0
187

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде мүгедектігі бар адамдарға электр жетегі бар кресло-арбалар беріле бастады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

2020 жылдың соңына дейін облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 1 381 арба жеткізу жоспарланып отыр.

Мүгедектер арбасын өндіруші «Тыныс» АҚ «Қазақстан Инжиниринг» ҰК еншілес ұйымы болып табылады. Тауар өндіру кезінде қазақстандық қамту үлесі 75%-ды құрайтынын атап өту керек. Жалпы салмағы 75 келі, жүру қашықтығы 25 шақырымнан асады, жүк көтерімділігі 140 келіге дейін. Бұл қазақстандық конструкторлардың өздері құрастырған өнімдері.

Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде жеткізуші 817 бірлік кресло-арбаны еліміздің 12 облысына (Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, Түркістан) және Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына жөнелтті. 2020 жылдың соңына дейін тағы 564 электр жетегі бар кресло-арбаны жеткізу жоспарлануда.

Бұл шара ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға ыңғайлы және өз бетінше қозғалуға мүмкіндік береді, бұл олардың әлеуметтенуін арттырады.