Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

0
104

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Онда парникті газдардың қалдығын азайту мәселесі де қарастырылған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында жазды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы базасындағы ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың жиналысында ғылыми қауымдастық Тұжырымданы жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.

«Ғалымдар азаматтық қоғаммен бірге Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму Тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Онда парникті газдардың қалдығын азайту секілді түрлі іс-шаралар қаралған. Жиын барысында ғылыми қауымдастық Тұжырымданы жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты», – деп жазды министр. 

Еске салайық, Мемлекет басшысы Жолдауында «Жасыл даму» және ел экономикасын терең көміртексіздендіру бойынша ұсыныстар жиынтығын дайындауға ерекше назар аударған болатын.

Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, климат мәселелері өзге де елдердің саясатында үлкен рөл атқарады. Мысалы, былтыр Еуроодақ 2050 жылға дейінгі парник газдары шығарындыларының нетто-нөлдік көрсеткішіне жету бойынша Еуропалық жасыл келісімді қабылдаған. Қазақстан да бұл бағыт бойынша алға қадам басып келеді.