Энергетика министрлігі: Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда

0
116

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және  электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Елорда Инфо Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ұсынылып отырған заң жобасының негізгі тұжырымдамалық жаңалықтары:

1) маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру;

Бүгінгі таңда республикада электр қуатының профициті (2000 МВт) маневрлік қуаттардың тапшылығымен қатар жүреді. Тәулік ішінде электр энергиясын тұтыну біркелкі емес, яғни кешкі сағаттарда жоғарылайды және түнде төмендейді, бұл электр станцияларының жедел ауыспалы жұмысын қажет етеді. Жұмыс істеп тұрған электр станцияларының қолданыстағы реттеу мүмкіндіктері жеткіліксіз, сондықтан жүйелік оператор Ресейдің энергия жүйесі реттеуін қолдануға мәжбүр. Ресей БЭЖ-і жабатын теңгерімсіздік 600-800 МВт-қа жетеді.

Оларды өндіру-тұтыну теңгерімсіздіктерін реттеуге тарту үшін маневрлік қуаттарды дамыту ресейлік реттеуді пайдаланудың орнына ауытқуларды өтеу бойынша көрсетілетін қызметтердің бір бөлігін сатып алуды Қазақстанның электр станцияларына қайта бағыттауға мүмкіндік береді.

Маневрлік генерацияны құру жөніндегі жобаларды іріктеу аукциондық іріктеуді қолдану арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл осындай көздердің құрылысына серпін беруге, түпкілікті тұтынушылар үшін бағаларға шамалы әсер ете отырып, неғұрлым тиімді жобаларды таңдауға мүмкіндік береді.

2) ЖЭК қолдауға өтпелі тариф белгілеу;

ЖЭК-тің жаңа объектілерін іске қосу арқылы қолданыстағы энергия өндіруші ұйымдардың ЖЭК-ті қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығынан (ҚЭАО) электр энергиясын сатып алу тарифтері мен үлестері ұлғаяды. Осыған байланысты дәстүрлі энергия өндіруші ұйымдар шекті тарифтерге тиісті түзету енгізілген кезге дейін өтелмейтін залалға ұшырайды. ЖЭК-ті дамытуға байланысты шығындардың өзгеруі энергия өндіруші ұйымдардың (ЭӨҰ) шекті тарифтерін тұрақты және уақтылы түзетуді талап етеді.

Осыған байланысты ЖЭК қолдау бойынша ҚЕАО-дан электр энергиясын сатып алуға арналған шығындарды шекті тарифтен бөлу және ЖЭК шығындарын шекті тарифтен артық үстеме ретінде қарау қажеттілігі бар.

3) жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетиканы дамытуға елеулі инвестициялар салынуда.

Электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде ЖЭК үлесін ұлғайту жөніндегі нысаналы индикаторлар оның үлесін 2020 жылы 3% – ға, 2025 жылы 6% – ға және 2030 жылға қарай 10% – ға жеткізуді көздейді. 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кем дегенде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздеріне тиесілі болуға тиіс.

Осы индикаторларға қол жеткізу үшін заң жобасында мыналарды енгізу ұсынылады:

Бірінші. ЖЭК жобалары алдындағы төлемдер бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда (ҚЕАО-ның кредит қабілеттілігін арттыру мақсатында) Үкімет тарапынан қаржы-есеп айырысу орталығына қаржылық қолдау көрсету.

Бұл норма инвесторлардың тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді және тиісінше ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясына аукциондық сауда-саттықтағы бағаны төмендетеді. Бұдан басқа, осы норманы енгізу Қазақстандағы ЖЭК секторының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші. Электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін қазіргі 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту.

Бұл тетік болашақ инвесторлар үшін ЖЭК нарығының тартымдылығын арттыру мақсатында қажет және аукциондық бағалардың төмендеуіне әкеледі.

Үшінші. ҚЕАО арқылы су тасқыны электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуды енгізу.

Қолданыстағы «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес энергия өндіруші ұйымдар-су электр станциялары суды табиғат қорғау мақсатында жіберу кезеңінде өндірілетін электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықта сатуға міндетті. Жүйелік оператордың деректері бойынша, электр энергиясын өндіру-тұтынудың жыл сайынғы нақты теңгерімінің көлемі орта есеппен 300 млн.кВтсағ құрайды. Бұл ретте, су тасқыны электр энергиясының шамамен 50% – ын орталықтандырылған сауда-саттықта трейдерлер сатып алады, олардың баға белгілеуін мемлекет реттемейді.

Аталған факторларды ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдардың (су электр станцияларының) су тасқыны электр энергиясын ҚЕАО-ға сату міндетін заңды түрде бекіту ұсынылады, ал ҚЕАО өз кезегінде осы қымбат емес тасқын электр энергиясын ЖЭК электр энергиясын орталықтандырылған сатудың қолданыстағы тетігі арқылы ҚР-дың барлық тұтынушылары арасында бөлетін болады.