Елордада «Ұлт мақтанышы – Міржақып» тақырыбында онлайн кездесу өтті

0
166

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен елордадағы М.Дулатұлы  атындағы №68 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті жазушысы Міржақып Дулатұлының 135 жылдығына орай «Ұлт мақтанышы – Міржақып» тақырыбында оның шығармашылығы мен өмірі туралы ZOOM платформасы арқылы оқушылармен онлайн кездесу өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Міржақып Дулатұлының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, шығармашылығын кеңінен дәріптеу, ұлы тұлғаның есімін алу арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шара барысында мектептің жас мамандары «Міржақып Дулатұлы» орталығында Міржақып Дулатұлы мен оның жарының және Ахмет Байтұрсынұлының  образын сомдап, оқушылар назарына шағын көрініс ұсынды.

Айта кетсек, мектеп оқушыларының ұлттық сана-сезімінің өршіл болып қалыптасуына және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу бойынша «Міржақып Дулатұлы» орталығы ұстаздар қауымы, ата-ана, оқушылармен  руханият саласында, тақырыптық зерттеулер бағытында  тығыз байланыс орнатқан.

Сонымен қатар шара барысында 11-сынып оқушысы Махаббат Қалиасқарова Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасаса, Ринат Адетхан («Жастарға»), Мұхамметжан Алпысбай («Елім-ай»), Әнел Тілеуленова («Алашқа»), Зерде Иманбердиева («Оян, қазақ!») сынды оқушылар ақынның өлеңдерін оқыды.

Кезегі келгенде тарих пәнінің мұғалімі, «Алаш жолы» музейінің жетекшісі Нұрсұлтан Қайроллаев өздерінің жұмыстары туралы айтып өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі оқу орталығының басшысы Жұлдыз Намаз жобалық кеңсенің «Аманат» балалар үйірмесі аясында М.Дулатұлы  атындағы №68 мектеп-гимназиясымен әріптестік тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Бұл ретте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жазбек Опиұлы алдағы уақытта мектеп оқушыларын Міржақып ізімен ақынның туып-өскен жеріне экспедицияға апаруды жоспарлап отырғандарын, осы жоба бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін сұрады.

Өз кезегінде Жұлдыз Намаз елорда оқушыларын экспедициялар мен түрлі экскурсияларға апару өздерінің де жоспарларында бар екенін, алайда пандемияға байланысты көптеген жобаның кейінге шегерілгенін тілге тиек етті. Дегенмен мектеп ұжымының ұсыныс-тілектерін қарастыратындарын айтты.

Рухани іс-шара ақын, М.Дулатұлы  атындағы №68 мектеп-гимназиясының ұйымдастырушы-педагогы Бекмұрат Өмірбектің сөзіне жазылған, композитор Жәнібек Боранбаевтың «Міржақып маршы» әнімен аяқталды.